Кабо-Верде президенті Жозе Мария Невеш 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Аргентина құрамасына қарсы өтетін матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кабо-Верде өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, бірден плей-офф кезеңіне жолдама алды. Топтық кезеңде команда Испаниямен (0:0), Уругваймен (2:2) және Сауд Арабиясымен (0:0) тең ойнап, үш ұпай жинады. Енді мундиаль дебютантын әлемнің қазіргі чемпионы – сапында Лионель Месси өнер көрсететін Аргентина құрамасы күтіп тұр.
Жозе Мария Невештің айтуынша, оның командасы атақты қарсыласынан қорықпауы керек."Менің ойымша, Кабо-Верде Аргентинаны 1:0 есебімен ұта алады. Біз әрқашан жеңіс үшін ойнаймыз. Командадан ешкім үлкен нәтиже күтпесе де, егер жеңіске деген құлшыныс зор болса, бәрі мүмкін.
Кабо-Верде секілді шағын мемлекет әрдайым жұртты таңғалдыруға ұмтылуы керек. Бізде Аргентинаны жеңуге жүз пайыз мүмкіндік бар", – деп келтіреді президенттің сөзін ESPN.
Сондай-ақ, ол бұл кездесу Кабо-Верде үшін жай ғана матч емес, ел футболының жаңа тарихын жазуға мүмкіндік екенін атап өтті.
"Біз бұл әлем чемпионатына өз тарихымызды жазу үшін келдік. Біздің тағдырымыз – чемпиондармен ойнау. Сондықтан Аргентина мен Мессиге қарсы алаңға дәл сондай құлшыныс, ерік-жігермен және жеңіске деген сеніммен шығамыз", – деді Невеш.
Айта кетейік, Лионель Скалони жаттықтыратын Аргентина құрамасы топтық кезеңде барлық үш матчта жеңіске жетіп, тоғыз ұпаймен плей-оффқа өтті. Әлем чемпионатының 1/16 финалындағы Аргентина – Кабо-Верде кездесуі 4 шілде күні Астана уақытымен 03:00-де басталады. Турнир 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады.