"Әр матч маңызды". Біржан Оразов Португалиямен бүгінгі ойынға дайындық жайлы

30 қыркүйек 2021 09:18
©ҚФФ

Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалында Португалиямен кездеседі. Маңызды ойын алдында команда көшбасшыларының бірі Біржан Оразов Vesti.kz тілшісіне Балтық жағалауындағы жаһан біріншілігі жайлы пікірімен бөлісті.

- Біржан, Литвадағы әлем чемпионатында біздің құрама өте жақсы өнер көрсетіп жатыр. Жалпы осыған дейін кездескен қай ұжымға қарсы матч ерекше есте қалды?

- Жалпы әлем чемпионатындағы әр кездесу – естен кетпестей өтіп жатыр. Себебі әр матч маңызды. Солардың арасында Иранмен өткен ойынды ерекше айтуға болады. Өкінішке қарай бірінші таймда екі гол өткізіп алдық. Алайда біз өз күшімізге сендік. Нәтижесінде үзілістен кейін мүмкіндіктерімізді сәтті пайдалана алдық.

- Құрама бас бапкері Каканың командадағы алатын орны қандай?

- Әрине, ұлттық құраманың бас бапкері Кака мырзаның орны бөлек. Ол кісі мықты мотиватор, психолог. Өте білімді маман. Жан-жақты. Керек кезде бізге жақсы сөздер айтып жігерліндіре алады. Командамыздағы атмосфера тамаша. Жігіттер бір-біріне жақсы қолдау көрсетеді. Біз – шаңырағы берік бір отбасымыз деп айтуға болады.

- Бүгін Португалия командасымен кездесеміз. Қарсыласты зерттеп үлгердіңіздер ме?

- Енді Португалия құрамасына қарсы өнер көрсетеміз. Әрине бұл ұжымның әлеуетін футзал сүйер қауым жақсы біледі. Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Сонымен қатар, соңғы әлем біріншілігінде жартылай финалға дейін жетті. Бапкерлік штаб бізге қарсыласымыздың әлсіз және мықты тұсын жақсылап тұрып айтып берді. Жалпы ойынға дайынбыз. Бұйырса жеңіске жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Осы сәтті пайдаланып бізге қолдау көрсетіп жатқан барша жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Біз алыста болсақ та сіздердің қолдауларыңызға сезінеміз. Алға, Қазақстан!

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар