The Athletic басылымы АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталғаннан кейін "Алтын доп"-2026 сыйлығына басты үміткерлердің жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Месси – басты фаворитСарапшылардың пікірінше, Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси әлем футболындағы ең беделді жеке марапатты жеңіп алуға басты үміткер саналады.
Месси 2026 жылғы әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Ол алты голмен турнирдің үздік сұрмергендері көшін бастап тұр. Сонымен қатар, аргентиналық футболшы "Алтын доп" сыйлығын ең көп жеңіп алған ойыншы ретінде рекордқа ие – оның қоржынында сегіз марапат бар.
The Athletic нұсқасы бойынша "Алтын доп"-2026 сыйлығына басты 10 үміткер:
Лионель Месси ("Интер Майами", Аргентина);
Килиан Мбаппе ("Реал" Мадрид, Франция);
Усман Дембеле (ПСЖ, Франция);
Винисиус Жуниор ("Реал" Мадрид, Бразилия);
Харри Кейн ("Бавария", Англия);
Майкл Олисе ("Бавария", Франция);
Ламин Ямаль ("Барселона", Испания);
Эрлинг Холанд ("Манчестер Сити", Норвегия);
Деклан Райс ("Арсенал", Англия);
Луис Диас ("Бавария", Колумбия).
Барлығын әлем чемпионаты шешуі мүмкін
"Алтын доп" сыйлығына үміткерлердің түпкілікті тізімі халықаралық маусым аяқталғаннан кейін белгілі болады. Шешуші факторлардың бірі 19 шілдеде өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатының финалы болмақ. Плей-оффтағы ойыншылардың өнері марапат иесін анықтауда маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Айта кетейік, тарихта алғаш рет "Алтын доп" марапатын табыстау рәсімі Францияның Париж қаласында емес, Ұлыбританияның Лондон қаласында өтеді. Жеңімпаздың есімі 2026 жылғы 26 қазанда жарияланады.
Еске салайық, 2025 жылдың қорытындысы бойынша "Алтын доп" жүлдесін Франция құрамасы мен ПСЖ клубының шабуылшысы Усман Дембеле жеңіп алған еді.