Англия құрамасы алдағы күндері 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын 26 футболшыдан тұратын түпкілікті құрамын жариялайды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Харри Магуайр ЧМ-2026 турниріне бармайды
Журналист Бен Джейкобстың мәліметінше, бас бапкер Томас Тухель жасақтап жатқан соңғы тізімге “Манчестер Юнайтедтің” жартылай қорғаушысы Кобби Майну енген. Ал манкуниандық клубтың қорғаушысы Харри Магуайр құрамға кірмеген.
Бұған қатысты футболшы былай деп ойын білдірді:
“Осы маусымдағы ойынымнан кейін жазда ұлттық құрамаға үлкен пайда әкеле алатыныма сенімді болдым. Сондықтан бұл шешім мен үшін күтпеген әрі ауыр соққы болды.
Осы жылдар бойы Англия жейдесін киіп, өз елімнің намысын қорғаудан асқан мақтаныш болған емес.
Жазғы турнирде жігіттерге тек сәттілік тілеймін”, — деп жазды Магуайр әлеуметтік желіде.
Майнудың маусымдағы статистикасы
2025/2026 жылғы маусымда жас хавбек клуб деңгейінде 29 матч өткізіп, бір гол соғып, үш нәтижелі пас берген.
Топтық кезеңде ағылшындар Хорватия, Гана және Панама құрамаларымен кездеседі. Матчтар тиісінше 17, 23 және 28 маусым күндері өтеді.
Еске салайық, алдыңғы әлем чемпионатында Англия құрамасы ширек финалға дейін жетіп, Франциядан 1:2 есебімен жеңілген болатын.
ЧМ-2026 турнирі 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш елде — АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылады.
Жарнама