Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти Италия ұлттық құрамасын тізгіндеу туралы ұсыныстан бас тартты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Италия футбол федерациясының (FIGC) техникалық директоры Паоло Мальдини ұйым Карло Анчелоттимен және испаниялық маман Хосеп Гвардиоламен байланысқа шығып, олардың Италия құрамасын жаттықтыруға қалай қарайтынын анықтауға тырысқанын айтқан болатын.
Globo басылымының мәліметінше, федерация Анчелоттидің алдағы жоспарын және келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда төленетін өтемақы көлемін де сұрастырған. Италиялық бапкер FIGC өкілдеріне қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтып, бірақ Бразилия құрамасынан кету ойында жоқ екенін жеткізген.
67 жастағы Анчелотти Бразилия құрамасын 2025 жылдың мамырында жаттықтыра бастады. Бір жылдан кейін ол келісімшартын 2030 жылғы әлем чемпионаты аяқталғанға дейін ұзартты.
2026 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасы 1/8 финалға дейін жетіп, Норвегиядан 1:2 есебімен ұтылды. Осылайша, бразилиялықтар соңғы 36 жылда алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жете алмады.
Оған дейін Анчелотти мадридтік "Реалды" жаттықтырды. Оның жетекшілігімен "корольдік клуб" үш мәрте Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, Испания чемпионатын, Испания кубогын, Испания Суперкубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын екі реттен ұтты.
Анчелотти Чемпиондар лигасын ең көп жеңіп алған бапкер саналады. Ол бұл турнирде "Миланмен" екі рет, "Реалмен" үш рет топ жарды.
Еске салайық, Италия құрамасы соңғы жылдары күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Төрт дүркін әлем және екі дүркін Еуропа чемпионы атанғанына қарамастан, ұлттық команда қатарынан үшінші әлем чемпионатына жолдама ала алмай қалды.