Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти "Сантос" клубының шабуылшысы Неймар Жуниорды наурыз айындағы оқу-жаттығу жиынына шақыру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жарақат жағдайды өзгерткен ұқсайды
Бұған дейін италиялық маман тәжірибелі форвардты ұлттық құрамаға шақыруды жоспарламағаны айтылған еді. Алайда UOL Esporte мәліметінше, мадридтік "Реалдың" вингері Родриго Гоэс ауыр жарақат алғаннан кейін жағдай өзгерген. Кадрлық қиындықтардың аясында Неймардың құрама сапына қайта оралу ықтималдығы айтарлықтай артқан.
Сондай-ақ, егер лондондық "Челси" шабуылшысы Эстевао Виллиан да жарақатына байланысты ойнай алмайтын болса, 34 жастағы футболшының шақырту алу мүмкіндігі одан әрі жоғарылауы мүмкін. Қазір Карло Анчелотти тәжірибелі ойыншыны шақырудың қаншалықты қажет екенін бағалап жатыр.
Әлем чемпионатына соңғы мүмкіндік
Наурыздағы оқу-жаттығу жиыны Бразилия құрамасы үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындық кезеңі болмақ. Оның аясында "селесао" Франция және Хорватия құрамаларына қарсы жолдастық кездесулер өткізеді.
Егер Неймар шақырту алып, өзін жақсы қырынан көрсете алса, алдағы мундиальге қатысатын құрамдағы орнын сақтап қалуы мүмкін. Бұл турнир оның карьерасындағы соңғы әлем чемпионаты болуы ықтимал.
Құрама тарихындағы үздік мерген
Неймар соңғы рет Бразилия құрамасы сапында 2023 жылдың қазан айында алаңға шыққан. Сол кездесуден кейін ол тізедсінен ауыр жарақат алған.
Қазіргі таңда "Сантос" шабуылшысы Бразилия құрамасы тарихындағы ең үздік бомбардир болып саналады — оның еншісінде 79 гол бар. Сонымен қатар, ол ұлттық құрама сапында өткізген матчтар саны бойынша екінші орында тұр (128 ойын).
Бұған дейін Неймар ауыр жарақат алған Родригоға қолдау білдіріп, оны өзінің мұрагері деп атаған еді.
Бір қызығы, жарақат алғанға дейін "Реал" вингері Неймарды 2026 жылғы әлем чемпионатына шақыру керек екенін айтқан және енді оның айтқаны орындалғалы отырғандай.
Жарнама