Алматылық "Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің соңғы турында лондондық "Арсеналға" қарсы өтетін матч алдында әсері мен үмітін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Анарбековтің айтуынша, Еуропа футболының алпауыттарының бірімен кездесу таяу уақытқа дейін арман секілді көрінген.
"Өте керемет сезім. Өйткені былтыр ғана біз топ-клубтармен ойнаймыз деп ешкім ойлаған жоқ.
Қарсыласқа келсек, Құдай қаласа, ертең "Арсеналдың" деңгейіне қарамастан, жүз пайыз дайындықпен шығамыз. Өз күшімізді көрсетеміз. Команда дайын. Жанкүйерлеріміздің дауысын естиміз деп үміттенемін", - деп келтіреді Анарбековтің сөзін ASnews.kz.
Қақпашы команда алдыңғы матчтардан тиісті қорытынды шығарғанын және стандартты жағдайларға ерекше мән беріліп жатқанын атап өтті.
"Қарсыласқа арнайы дайындалып жатырмыз. Өткен матчқа қарап, стандарттарда бізге тым қиын болды деп айта алмаймын - қателік бәрінде болады. Енді стандарттар кезінде жауапкершілікпен ойнап, бір-бірімізге көмектесіп, ұйымшыл әрекет етеміз. Мұндағы атмосфера мүлде бөлек. Осындай стадионда ойнау - бала кездегі арманымыз. Құдай қаласа, оны орындаймыз. Барлық ойыншылар бұл жағдайға тәнті", - деді қақпашы.
Сонымен қатар, Анарбеков "Эмирейтс" стадионында алаңға шығудың өзі ерекше сезім сыйлайтынын айтты. Бұл арена оған Англия Премьер-лигасының матчтары арқылы жақсы таныс.
"Бала кезден АПЛ матчтарын көріп өстім. Мұндағы әсер мүлде басқа. Құдай қаласа, ойын кезінде қандай эмоция болатынын көреміз. Біз Чемпиондар лигасында мықты қарсыластарға қарсы жеткілікті матч өткіздік. Алаңға жай ғана шығып кетпейміз - жүз пайыз дайын боламыз", - деп сендірді Анарбеков.
Сондай-ақ, "Қайраттың" қақпашысы өзінің статистикалық көрсеткіштер бойынша Чемпиондар лигасындағы үздік 20 ойыншының қатарына енуіне қатысты пікір білдірді.
"Чемпиондар лигасының топ-20 ойыншысының қатарына ену - ол маған кедергі емес, ауыртпалық емес. Біз күн сайын жұмыс істеп келеміз. Бұл үшін командаластарыма алғыс айтқым келеді", - деп түйіндеді қақпашы.
Еске салайық, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі соңғы тур матчы "Арсенал" - "Қайрат" арасында 28 қаңтардан 29 қаңтарға қараған түні Лондонда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 01:00-де басталады.
Жарнама