Футбол
17 маусым 15:54

"Алтын допты" алатын Өзбекстан құрамасы ойыншысының есімі аталды

©Zamin.uz

Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Рустамжон Ашурматов ұлттық командадағы әріптесі, Англияның "Манчестер Сити" клубында өнер көрсететін Абдуқодир Хусановтың қарқынды дамуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Ашурматовтың айтуынша, жас қорғаушының жетістіктері ол үшін күтпеген жағдай болған жоқ. Ол Хусановпен алғаш рет "Бунёдкор" клубының негізгі құрамында ойнап жүрген кезінде танысқанын еске алды. Сол уақытта Хусанов клуб академиясында жаттығатын.

"Ол кезде оның болашағы дәл осылай қалыптасады деп ойлаған жоқпын. Бірақ қазір болып жатқан жағдайды орынды деп есептеймін. Оның үстіне, оның әлеуеті бұдан да жоғары. Оған Англиядағы, Еуропадағы және әлемдегі ең үздік ойыншылардың бірі болуын тілеймін", - деді Ашурматов "Спорт-Экспресс" басылымына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, тәжірибелі қорғаушы Хусановтың әлі де өсіп, ең беделді жеке марапаттарға таласа алатынына сенімді екенін жеткізді.

"Қазір көріп жүргеніміз - оның мүмкіндігінің шегі емес. Ол тіпті "Алтын допты" да жеңіп алуы мүмкін. Ал мен оған "Манчестер Ситиге" ауысқанға дейін-ақ сенгенмін. Ол кезде "Ланста" өте жоғары деңгейде ойнап жүрген", - деп қосты футболшы.

Сондай-ақ, Ашурматов ұлттық құрамадағы қарым-қатынас туралы айтып, алаңда ойыншылардың жасына немесе мәртебесіне қарамастан бәрі тең екенін атап өтті.

"Ойын кезінде оған ескерту жасай аламын ба? Әрине, ол жас қой, ха-ха. Бірақ ол да маған айта алады! Мен оны дұрыс қабылдаймын. Себебі алаңда бәрі тең", — деді қорғаушы.

Еске салайық, Өзбекстан құрамасы ӘЧ-2026 турниріндегі алғашқы матчын Колумбияға қарсы өткізеді. Кездесу 17 маусымнан 18 маусымға қараған түні өтеді.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport