Футбол
20 тамыз 16:54

"Алтын допты" алатын қазақ футболшының есімі аталды

©gooool365.org

Алматылық "Қайрат" клубының жартылай қорғаушысы Георгий Заря жас командаласы Дастан Сәтбаевтың үлкен футболдағы болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Оның айтуынша, 17 жастағы қазақстандық болашақта жылдың үздік футболшысына берілетін беделді "Алтын доп" жүлдесін жеңіп алуға қабілетті.

Заряның пікірінше, Сәтбаевтың таланты Францияның "Пари Сен-Жермен" клубының жұлдызы Хвича Кварацхелиямен салыстыруға болады. Айта кетейік, Кварацхелия 2025 жылы "Алтын допқа" үміткерлер тізіміне енген.

"Мен оған әрқашан айтамын: "Алты жылдан кейін сен "Алтын допты" ұтуың керек. Өйткені сен соған қабілеттісің". Бес-алты жылдан кейін ол жоғары деңгейдегі футболда ойнай алады. Егер сен "Челсиге" ауыссаң - бұл шегің емес. Алға қарай ұмтылу керек, "Реал", "Барса" сияқты клубтарда ойнауға тырысу керек. Егер ол еңбектене берсе, үлкен футболда өз орнын табады деп ойлаймын, - деді Заря Нобель Арустамянға берген сұхбатында.

Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында "Қайрат" Сәтбаевтың Англияның "Челси" клубына ауысатынын ресми түрде хабарлаған болатын. Келісімшарт бойынша, талантты шабуылшы 18 жасқа толғаннан кейін, яғни 2026 жылдың жазында Лондон клубының сапына қосылады.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport