2026 жылғы "Алтын доптың" иегері, мюнхендік "Бавария" клубының шабуылшысы Харри Кейн болашағына қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кейн "Баварияда" қалуды жөн көрді
The Touchline мәліметінше, 33 жастағы ағылшын футболшысы Германияның 35 дүркін чемпионымен келісімшартын ұзартуға ниетті.
Хабарламада Кейннің "Бавария" ұсынған жаңа келісімшарт талаптарына толықтай көңілі толатыны айтылған. Қазір тараптарға мәміленің бірнеше ұсақ-түйегін реттеу ғана қалды. Осыдан кейін келісім ресми түрде бекітіледі.
Екі алпауыт клубтың ұсынысынан бас тартты
Инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, Кейн "Бавариямен" келісімшартын 2029 жылдың жазына дейін ұзартуға келіскен.
Бұған дейін жазда ағылшын шабуылшысына "Реал" мен "Барселона" қызығушылық танытқаны хабарланған еді. Алайда футболшы Мюнхенде қалуды жөн көрді.
Бұл жаңалық Кейнге 2026 жылғы "Алтын доп" табысталғаннан кейін көп ұзамай шықты. Дауыс беру қорытындысы бойынша ол Килиан Мбаппе ("Реал") мен Ламин Ямальдан ("Барселона") басым түскен.
Кейннің "Бавария" сапындағы жетістіктері
Еске салайық, Кейн 2023 жылдың жазында Лондонның "Тоттенхэм" клубынан "Баварияға" 100 миллион еуроға ауысқан. Бұл трансфер Бундеслига тарихындағы ең қымбат келісім болды. Содан бері шабуылшы мюнхендік клуб сапында 159 матч өткізіп, 156 гол соғып, 40 нәтижелі пас берген.
"Бавария" сапындағы үш маусымда Кейн екі рет Бундеслига чемпионы атанып, Германия кубогын бір рет және Суперкубокты екі рет жеңіп алды. Сонымен қатар ол үш мәрте Бундеслиганың үздік сұрмергені атанды.
Ағылшын футболшысының қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазында аяқталады. Ал оның нарықтық құны 60 миллион еуроға бағаланып отыр.
Жарнама