Футбол
28 тамыз 10:12

"Алтын доп" жеңімпазы ресми таңдалды. Ол санаулы адамдарға ғана белгілі

"Алтын доп". Сурет: "Бавария" ФК

Бүкіл әлем журналистері өткен маусымдағы үздік ойыншыны анықтау үшін дауыс беруді аяқтады. Бұл ойыншыға футболдағы ең беделді жекелеген марапат - "Алтын доп" табысталады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Frenchfootballweekly басылымының мәліметінше, дауыс беру бюллетеньдерін қабылдау 25 тамыз, дүйсенбі күні тоқтатылды. Ал оның қорытындысы тек France Football ұйымының (марапат иегерін анықтайтын журнал) санаулы мүшелеріне ғана белгілі.

Дауыс беруге 100 журналист қатысты, әрқайсысы FIFA рейтингіндегі үздік 100 елден бір-бір өкіл. Олар маусымдағы жеке жетістіктерді, командалық табыстар мен ойын мәнерін бағалай отырып, өздерінің үздік 10 ойыншы тізімін құрды.

Қорытынды шешім 22 қыркүйек күні өтетін дәстүрлі Ballon d'Or марапаттау кешінде жарияланады. Ол кеште Лев Яшин атындағы үздік қақпашы жүлдесі мен Раймон Копа атындағы ең үздік жас ойыншы марапаттары да табысталады.

Айта кетейік, бірқатар сарапшылардың пікірінше, "Алтын доп" жүлдесі үшін басты үміткерлер қатарында "Пари Сен-Жерменнің" жұлдызы Усман Дембеле, "Ливерпульдің" көшбасшысы Мохамед Салах және "Барселонаның" жас вундеркинді Ламин Ямаль бар.

Қазіргі уақытта бұл марапаттың иегерлері - Испания құрамасының көшбасшылары: ерлер арасында Родри Эрнандес, әйелдер арасында Айтана Бонмати.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport