Transferroom беделді порталы болашағы зор 21 жасқа дейінгі ойыншылар рейтингін ұсынды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Тізімнің көшін "Қайрат" клубының және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев бастады. 17 жастағы ойыншы 88,6 әлеуетті рейтингін алды. Қазіргі таңда оның чемпионаттағы орташа рейтингі 65,6 баллды құрайды.
Екінші орынға Гондурас құрамасының және "Олимпия" клубының 18 жастағы шабуылшысы Дерек Монкада жайғасты. Оның әлеуетті бағасы - 86,7, ал турнирдегі орташа көрсеткіші 64,4.
Үздік үштікті Боливияның "Боливар" клубында ойнайтын 18 жастағы қорғаушы Эсклейсон Фрейта түйіндеді. Ол 87,1 рейтинг жинады, ал чемпионаттағы орташа мәні - 64,8.
"2026 жылы осы болашағы зор жұлдыздарды бақылап жүріңіз.
TransferRoom деректерін пайдалана отырып, біз бүкіл әлем бойынша өз лигасындағы ойыншылардың орташа рейтингімен салыстырғанда әлеуеті ең жоғары жас футболшыларды анықтадық.
Олардың әлеуетті рейтингтері қазіргі таңда Йозуа Киммих (90,6), Усман Дембеле (88,5) және Рубен Диас (88,4) сияқты жұлдыздардың деңгейімен шамалас", - делінген жарияланымда.
Айта кетейік, Усман Дембеле 2025 жылғы "Алтын доп" иегері. Дастан Сәтбаевтың көрсеткіші франциялық жұлдыздың нәтижесінен де жоғары болып отыр.
Жарнама