Футбол
Бүгін 09:51

Алонсоның үкімі: маман "Челси" үшін гол соққан Дастан Сәтбаевтың әлеуеті жайлы

©"Челси" ФК

Лондондық "Челсидің" бас бапкері Хаби Алонсо алғашқы голын салған қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаевтың әлеуеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бұл Аустралияның "Уэстерн Сидней Уондерерс" клубына қарсы өткен жолдастық кездесуде болды. "Челси" 6:4 есебімен жеңіске жеткен матчта 17 жастағы Сәтбаев негізгі құрамда алаңға шығып, алтыншы минутта есеп ашқан еді.

Матчтан кейін өткен баспасөз мәслихатында Хаби Алонсоға қазақстандық футболшының ойыны мен алдағы мүмкіндіктері туралы сұрақ қойды.

"Маусым алдындағы дайындық кезінде көп шешім қабылдауымыз керек. Былтыр мұнда болмаған ойыншыларды көруге мүмкіндік туғаны жақсы. Осыдан кейін тиісті шешім қабылдаймыз. Сондықтан маусымның алғашқы матчында қандай құрам болатынын айту әлі ерте", – деді Алонсо.

Сонымен қатар, "Челси" бапкері Дастан Сәтбаевтың ойын ерекшеліктеріне жеке тоқталды.

"Мен Дастанды былтырдан бері, Алматыдан жақсы білемін. Оның қазір мүлде басқа деңгейдегі ойыншыға айналғаны көрініп тұр. Ол қарсылас қақпасына үнемі қауіп төндіреді, қорғау мен жартылай қорғау арасындағы бос кеңістікті өте жақсы пайдаланады, шабуылшымен тиімді байланыс орнатады және қапталдан орталыққа сауатты ығысады. Бұл – оның Алматыдан көшіп келгеннен кейінгі және біздің клубтағы алғашқы қадамдары. Әзірдің өзінде ол бізге өте жақсы әсер қалдырып отыр", – деді испаниялық маман.

Ал Сәтбаевтың Англия Премьер-лигасының деңгейіне физикалық тұрғыдан дайын екені жөніндегі сұраққа Алонсо қысқа әрі нық жауап берді.

"Ол өте мықты әрі өте жылдам. Оның ойыны сіздерді шынымен таңғалдырады", – деп түйіндеді "Челси" бапкері.

Айта кетейік, бұл Дастан Сәтбаевтың "Челсидің" негізгі құрамындағы алғашқы ойыны болды. Бұған дейін алматылық "Қайрат" клубының түлегі "Кроули Таун" (3:1) және "Броумлиге" (3:0) қарсы жабық жолдастық кездесулерде екінші таймда алаңға шыққан еді.
 
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport