Мадридтік "Реал" командасының шабуылшысы Винисиус Жуниор Рио-де-Жанейрода өзі ұйымдастырған кеш кезінде қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен тергеліп жатыр, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Mundo Deportivo басылымының мәліметінше, іс Рио-де-Жанейроның ұсақ құқықбұзушылық істерін қарайтын арнайы қылмыстық сотында қаралуда екен. Тергеудің басталуына көршісінің шағымы себеп болған. Футболшы 25 жасын 19-21 шілде аралығында бүкіл аймақты шулатып тойлаған.
Шағымданушының айтуынша, бір сәтте ол әскери полицияны шақырған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері кеш қонақтарынан музыканың дауысын бәсеңдетіп, тыныш болуды сұраған. Қонақтар билік өкілдерінің ескертуін орындағанымен, олар кеткенінен кейін қайтадан музыка қосып, айқайлап, көршілеріне маза бермеген.
Дереккөздерге сүйенсек, іс бойынша алдын ала тыңдау 6 қарашаға белгіленген. Бразилия заңнамасына сәйкес, "қоғамдық тыныштықты немесе еңбек жағдайын бұзу" әрекеті үшін 15 күннен 3 айға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл түрінде жаза қарастырылған.
Винисиус — әлемдегі ең қымбат футболшылардың бірі

25 жастағы бразилиялық ойыншы 2018 жылдан бері мадридтік "Реалдың" сапында ойнап келеді. Transfermarkt порталы оның нарықтық құнын 150 миллион еуро деп бағалаған — бұл әлем бойынша алтыншы көрсеткіш.
Өткен жылы Винисиус "Алтын доптың" басты үміткері саналғанымен, марапат "Манчестер Сити" ойыншысы Родриге бұйырған.
Биылғы маусымда Винисиус Испания чемпионаты мен Чемпиондар лигасында 10 матчта 5 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.
Ол 30 қыркүйек күні "Кайратқа" қарсы (0:5) ойында командасын капитан ретінде алаңға алып шыққанымен, нәтижелі әрекетпен көзге түсе алған жоқ болатын.
Жарнама