Алматы облысы, Қарғалы ауылында ауыл балаларынан құралған командалар арасында "HALYK OPEN CUP - 2024" доп додасы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен үздік шыққан 32 команда қатысты.
Турнирдің чемпионы атағын Маңғыстау облысынан келген "Намыс-Қызыл төбе" командасы жеңіп алды. Команданың жаттықтырушысы Пердебек Қашқамбаев турнирдің "Үздік жаттықтырушысы" атағын иеленсе, ал Абзал Баймұхан "Үздік ойыншы" атанды. Күміс жүлде Түркістан облысының Қазығұрт ауданынан келген "Алтын төбе" командасына бұйырды. Бұл команданың шабуылшысы Омар Біржан 11 гол соғып, "Үздік шабуылшы" атағына ие болды. Алматы облысының "RedSapsans" командасы үшінші орынға қол жеткізіп, қақпашысы Нұрәлі Ғаниұлы "Үздік қақпашы" атанды.
"Үздік қорғаушы" номинациясымен Қостанай облысының "Рахат" командасының ойыншысы Артем Риттер және павлодарлық "Заря" командасының ойыншысы Богдан Краузе марапатталды. "FAIR PLAY TROPHY" арнайы номинациясы адал ойын үлгісін көрсеткен Ақмола облысы, Целиноград ауданының "SPARTANS" командасына табысталды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар, атап айтқанда футбол формалары, жаттығу киімдері, доптар және балаларға арналған кітаптар табысталды.
"Турнирлер көп, бірақ олар көбінесе ауыл командалары үшін қолжетімсіз. Себебі формаға ақша керек, жарыстарға 50-100 мың теңге аралығында төлем жасау қажет. Одан өзге команданы тасымалдау шығыны бар. Бұл ауыл спортындағы негізгі мәселелер. Ал бұл турнирде қайырымдылық қордың бас демеушілігімен команда құрал-жабдықтармен және формамен қамтамасыз етіліп, турнирге қатысу үшін жол ақысы төленді және турнирге қатысу тегін, ешқандай алым жоқ. Бұл жолы еліміздің әр өңірінен келген 450 команданың да барлық шығындарын қор қаржыландырды", - дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.
Ауыл жастарының спортқа деген құштарлығын қолдауға бағытталған бұл іс-шара #АуылФутбол жобасының аясында жүзеге асырылды. Жарысқа "Halyk" қайырымдылық қоры қолдау көрсетті.
Қордың демеушілігінің арқасында #Ауылфутбол жобасы жаңа деңгейге көтерілді. Бір ғана мысал - жобадағы командалар санының қысқа мерзімде төрт есе, яғни 24 командадан 110 командаға дейін артып, жаттықтырушылар УЕФА-ның D санатындағы бағдарлама бойынша біліктіліктерін арттырды. Қордың қолдауының арқасында балалар футболы жаңа деңгейге көтеріліп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға жол ашылды", - дейді қайырымдылық қордың Алматы облысы филиалы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Турнир аясында ауыл жаттықтырушыларына футбол менеджменті, SMM, спортшы балалардың психологиясы, инклюзивті балалармен жұмыс және балалар қауіпсіздігі жөнінде семинарлар мен тәжірибелік сабақтар өтті. Сонымен қатар, арнайы жаттығу сабағын өткізіп, инклюзивті "Бүркіт" командасы таныстырылды. Команда сөйлеу тілі бұзылған балалармен жұмыс істейтін орталық базасында құрылып, адаптивті футболды насихаттауға үлес қосуда.