Футбол
Бүгін 13:18

Алматы ауыл футболының республикалық орталығына айналды

©

Алматыда Тимур Құлыбаевтың Halyk Қайырымдылық қорының бас демеушілігімен жүзеге асып жатқан "Ауыл футбол" жобасы аясында бір аптада бірден үш маңызды шара өтті.

Атап айтқанда, Республикалық Halyk Open Cup 2025 финалы мен ауыл бапкерлеріне арналған #АуылФутболCoach семинары, «АуылФутбол Awards-2025» марапаты  ұйымдастырылып, жасөспірімдер футболына жаңа серпін берді.
 
Финалға тек мықтылар жетті: Алматыда 16 команда бақ сынасты

18–19 желтоқсанда өткен Halyk Open Cup 2025 турниріне Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген 16 үздік команда қатысты. Жолдама биыл қарашада Павлодар, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында өткен өңірлік іріктеулердің қорытындысымен берілді Әр өңірден төрт командадан суырылып шығып, финалда ел намысын, ауылдың үмітін арқалаған жас футболшылар Алматыға жиналды. Ақтық кезеңде 200-ден аса дарынды ойыншы алаңға шығып, нағыз жігер мен мінездің, тәртіп пен дарынын паш етті.
Halyk Қоры қаржылай демеу болып, балаларға тең мүмкіндік сыйлады

Турнирге қатысқан командалардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын Halyk Қайырымдылық қоры толық өз мойнына алды. Бұл – жай ғана ұйымдастыру емес, ауылдағы және шалғай өңірлердегі балалардың арманына нақты жол ашқан үлкен қолдау.

Осылайша жоба адами капиталды дамытуға тікелей қызмет етеді: балалардың таланты тұрғылықты жеріне емес, мүмкіндігіне қарай бағаланады. Шығындардың жабылуы ауыл мен қала балалары арасындағы айырмашылықты азайтып, тең мүмкіндік қалыптастырады. Ең бастысы, «Ауыл футбол» көптеген жасөспірім үшін спорт арқылы жаңа ортаға шығуға, өзін көрсетуге жол ашатын әлеуметтік лифтке айналып отыр.

"Біз таланттардың жолы тұрғылықты жері, қаржылай қиындығы немесе киім-жарағының кесірінен шектелмесе екен дейміз. Сондықтан балалардың ыңғайын жасау - басты мақсат. Бұл турнирде Halyk Қоры әр командаға тең жағдай жасап, балалар үшін барлық ұйымдастыру шығыны толық жабылғанына ерекше мән берді. Бұл – жас ұрпаққа салынған нақты инвестиция", – деді Halyk қайырымдылық қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Алаңнан тыс еңбек: #АуылФутболCoach семинарлары өтті

Ал 16–17 желтоқсанда өңірлерде жұмыс істейтін бапкерлерге арналған екі күндік мамандандырылған офлайн-семинарлар мен шеберлік сыныптары өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл футболын дамытуда инфрақұрылымнан бөлек, басты ресурс – құзыретті, белсенді, ынталы бапкер. Оқу бағдарламасына жаттығу процесін жоспарлау мен тәжірибелік дайындық, ата-аналармен және жергілікті билікпен коммуникация, құқықтық негіздер, сондай-ақ менеджмент, маркетинг және тәлімгерлік дағдылары енгізілді.

"Семинарда алған ең маңызды дүнием – ауыл жағдайында жүйелі жоспар құру мен ата-анамен дұрыс сөйлесу команданың нәтижесіне тікелей әсер ететіні. Мұндай қолдаудың арқасында біз балаларға тек футбол үйретпейміз, олардың болашағына сенім сыйлаймыз. Бізге демеу болған Halyk Қорына көп рақмет", – деді семинар қатысушысы, ауыл бапкері Нұрбол.

АуылФутбол Awards: үздіктердің үздігі марапатталды

Сонымен қатар, 20 желтоқсанда Алматы қаласында өткен «АуылФутбол Awards–2025» республикалық сыйлығының марапаттау рәсімінде он бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, Әлеуметтік желідегі үздік парақша, Үздік футбол менеджері, Үздік футбол ұйымдастырушысы, Үздік қоғам белсендісі, Жыл серпілісі, Fair play (Адал ойын), Үміт, Үздік төреші, Үздік жаттықтырушы, Үздік қақпашы, Үздік қорғаушы, Үздік жартылай қорғаушы, Үздік шабуылшы, Үздік команда және Үздік ойыншы номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.

Жеңімпаздарға арнайы мүсінше мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

"Үздік қақпашы" номинациясында Маңғыстау облысы Қызытобе ауылынан келген "Намыс Кызылтобе" командасының ойыншысы Дәулет Дауылбай топ жарды. Ол қуанышын жасыра алмай, өзімен бірге жаттығатын атасына алғысын жаудырды.

"Бос уақытымда атам екеуміз жаттығамыз. Мен де Темірлан Анарбеков, Шерхан Қалмұрза сияқты УЕФА-да өнер көрсеткім келеді, Қазақстанның намысын қорғағым келеді. Сый алғаннан кейін бұдан да көп жаттығамын. Қатты қуанып тұрмын", - деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап " Halyk" қоры #АуылФутбол жобасының Бас демеушісі болды. Қордың қолдауымен жобаға қатысатын ауыл командаларының саны 24-тен 140-қа дейін 5 есе өсті, ал ауыл футболы елімізде танымал әлеуметтік және спорттық жобаға айналды. Қор - бұл жобада тек демеуші емес, стратегиялық серіктес.

Жоба аясында 100 ауылдық жаттықтырушы кәсіби біліктіліктерін арттырды, 100 командаға қажет спорттық құралдар мен форма берілді. Өңірлік және республикалық Halyk Open Cup турнирлері тұрақты түрде ұйымдастырылып, ауыл командалары республикалық деңгейде жүлдегер атанып жүр. Ақшұқыр мен Спартанс ауыл командалары шағын футбол мен футзалдан Қазақстан чемпиондары болды. Сонымен қатар, 2025 жылы «АуылФутбол» құрама командасы Ташкенттегі халықаралық турнирге қатысты.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport