Португалия құрамасының капитаны әрі "Әл-Наср" клубының шабуылшысы Криштиану Роналду клуб басшылығымен болған кикілжің және жүргізіліп жатқан саясатқа көңілі толмауына байланысты Сауд Арабиясынан кету мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Инвестициялық қордың ұстанымына наразылықПортугалиялық Record басылымының мәліметінше, 40 жастағы шабуылшы Сауд Арабиясының Тәуелсіз инвестициялық қорының (PIF) "Әл-Насрға" деген көзқарасынан көңілі қалған. Айта кетейік, елдегі төрт жетекші клуб - "Әл-Наср", "Әл-Хиляль", "Әл-Иттихад" және "Әл-Ахлиді" PIF бақылауында .
Роналдудың пікірінше, қор "Әл-Насрдың" трансферлік белсенділігін әдейі шектеп отыр, ал бәсекелес клубтар керісінше елеулі күшейіп жатыр. Португалиялық жұлдыз мұндай жағдай команданың чемпиондық атақ үшін күресуіне тікелей кедергі келтіреді деп есептейді.
Трансферлер және чемпиондық күресТрансферлік нарықтағы пассивтілікке қарамастан, "Әл-Наср" алтын жүлде үшін күресін жалғастырып келеді және көш бастап тұрған "Әл-Хиляльдан" небәрі бір ұпайға ғана қалып отыр. Соған қарамастан, Роналду тең жағдай жасалғанда клубтың чемпиондыққа әлдеқайда жоғары мүмкіндігі болар еді деп санайды.
Ақпарат көздері Роналдудың Про-лиганың 20-туры аясында "Эр-Риядқа" қарсы өткен матчқа (1:0) қатыспауын дәл осы ішкі қақтығыспен байланыстырады. Осылайша футболшы болып жатқан жағдайға наразылығын білдірген.
Кету мүмкіндігі және өтемақы сомасыДереккөздерге сүйенсек, 39 жастағы шабуылшының келісімшартындағы өтемақы құны 50 миллион еуроны құрайды. Ал карьерасын жалғастыруы мүмкін бағыттар ретінде АҚШ-тың МЛС лигасы мен Еуропа клубтары қарастырылуда.
Сонымен қатар, Роналду Сауд Арабиясындағы алғашқы титулын жеңіп алуды және кәсіпқой карьерасында 1000 гол соғу межесіне жетуді әлі де басты мақсат етіп отыр. Ол сондай-ақ сауд футболына қызығушылықтың артуына елеулі үлес қосқанын атап өтіп, корольдікте өтетін 2034 жылғы әлем чемпионатының елшісі болуға келісім бергенін де айтты.