Футбол
Бүгін 15:55

"Ақтөбеге" екі жарым миллион көлемінде айыппұл салынды: тағы бір клуб жазаланды

©"Ақтөбе" ФК

"Ақтөбе" футбол клубына екі миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Мұндай шешімді Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясында шымкенттік "Ордабасымен" өткен матч қорытындысы бойынша қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz.

"Қызыл алалар" үш түрлі ереже бұзғаны үшін жалпы сомасы 2,4 миллион теңге (550 АЕК) көлемінде айыппұл арқалады.

"Ақтөбе" не үшін жазаланды?

"2026 жылғы Қазақстан Республикасының Премьер-лига клубтары арасындағы футбол чемпионатының 23-туры аясында "Ақтөбе" мен "Ордабасы" командалары арасындағы матчта тиісті ұйымдастыру талаптарының, қауіпсіздік ережелері мен чемпионат регламентінің сақталмауына байланысты, атап айтқанда, матчтың ресми тұлғаларының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегені және "Ақтөбе" ФК директоры Б. Дүзелбаевтың төрешілердің киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кіргені үшін Тәртіптік регламенттің 63-бабының 1-тармағына сәйкес "Ақтөбе" ФК-ға 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 20 қарашасына дейін төлеу қажет.

2026 жылғы Қазақстан Республикасының Премьер-лига клубтары арасындағы футбол чемпионатының 23-туры аясында "Ақтөбе" мен "Ордабасы" командалары арасындағы матчта жанкүйерлердің матчтың ресми тұлғаларына қатысты балағат сөздер айтып, қарсылас командаға тіл тигізуі түріндегі әдепсіз әрекеттері үшін Тәртіптік регламенттің 64-бабының 1-тармағына сәйкес "Ақтөбе" ФК-ға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 20 қарашасына дейін төлеу қажет.

Беделге нұқсан келтіретін сипаттағы мәлімдемелері үшін ҚФФ Әдеп кодексінің 6-тарауының 23-тармағын басшылыққа ала отырып, Әдеп кодексінің 15-тарауының 48-тармағына сәйкес "Ақтөбе" ФК бас бапкері И.Г. Черевченкоға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 20 қарашаға дейін төлеу қажет", - делінген ҚФФ хабарламасында.

"Ордабасы" да айыппұл арқалады

Шымкенттік клуб та жазадан құтылған жоқ.

"2026 жылғы Қазақстан Республикасының Премьер-лига клубтары арасындағы футбол чемпионатының 23-туры аясында "Ақтөбе" мен "Ордабасы" командалары арасындағы матчта команданың киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығуына байланысты ойынның үш минутқа кешіктірілгені үшін Тәртіптік регламенттің 63-бабының 1-тармағына сәйкес "Ордабасы" ФК-ға 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұлды 2026 жылғы 20 қарашаға дейін төлеу қажет".

Матч Ақтөбеде өтіп, 3:1 есебімен "Ордабасының" пайдасына аяқталды. Бұл жеңіс шымкенттік клубтың ҚПЛ турнир кестесіндегі көшбасшылығын нығайта түсті. Ал "Ақтөбенің" еншісінде 45 ұпай бар, команда бесінші орында тұр.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport