Нидерланд құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Рафаэль ван дер Ваарт мадридтік "Реалдың" вингері Винисиус Жуниордың жағымсыз жағын атап өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сарапшының пікірінше, бразилиялық футболшы алаңда тым жиі симуляцияға барады. Ван дер Ваарт мұның әсіресе Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы "Баварияға" қарсы өткен соңғы матчта анық байқалғанын атап өтті. Бұл ойында "корольдік клуб" 1:2 есебімен ұтылған болатын.
"Бұл өте өкінішті, себебі ол – өте жақсы ойыншы. Шынын айтқанда, бұл туралы айтқым келмейді, бірақ, бұл адамның жынын келтіреді. Ол тиіп кетсе болды құлап қалады, сосын орнынан тұрып, қарсыласқа қызыл қағаз талап етеді", – деді сарапшы Ziggo Sport эфирінде.
Сынға қарамастан, Винисиустың статистикасы жоғары деңгейде қалып отыр: ол осы маусымда барлық турнирде 45 матч өткізіп, 17 гол соғып, 13 нәтижелі пас берген.
Жарнама