Футбол
Бүгін 10:21

ӘЧ құқықтарына қатысты дау мен байкот. ФИФА Инфантиноға қатысты шешімін жариялады

©depositphotos.com/thenews2.com

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) атқару комитетінің отырысынан кейін ресми мәлімдеме жариялап, ұйым президенті Джанни Инфантиноға толық қолдау білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Рабатта (Марокко) өткен жиын барысында атқару комитеті Инфантиноның қызметіне сенім білдіріп, сондай-ақ ФИФА әкімшілігінің 2026 жылғы әлем чемпионатын табысты ұйымдастырудағы еңбегін жоғары бағалады.

"Рабаттағы кездесуден кейін ФИФА-ның бас хатшысы мен басқарма мүшелері ұйымға мүше 211 ұлттық қауымдастық сайлаған жалғыз лауазымды тұлға ретінде президент Джанни Инфантиноға толық қолдау білдірді. Өз кезегінде Инфантино бас хатшы мен ФИФА әкімшілігінің ұйымның даму бағытын жүзеге асырудағы маңызды әрі жоғары деңгейдегі жұмысына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ президент, бас хатшы және басқарма арасындағы өзара іс-қимыл мен байланыс тетіктерін тиімді ету мәселесі талқыланды", – делінген ФИФА-ның ресми мәлімдемесінде.

FIFA Forward Enterprise жобасындағы қателіктер мойындалды

Отырыста FIFA Forward Enterprise (FFE) жобасы да қаралды. Ұйым өкілдері бұл бастаманы әзірлеу барысында бірқатар қателік жіберілгенін мойындады.

"FFE жобасына қатысты ұсыныс талқыланды. ФИФА кеңесі мен оған мүше қауымдастықтар өздерін шешім қабылдау процесінен шеттетілгендей сезінбеуі тиіс еді. Бұл үдеріс өзгеше ұйымдастырылуы қажет болатын. Сондай-ақ жоба туралы ақпарат БАҚ-қа тарағаннан кейін де қосымша қателіктер жіберілгені мойындалды. Осыған байланысты ФИФА кеңесі мен ұлттық қауымдастықтарға арнайы хат жолданып, ресми кешірім сұралды және мұндай жағдайдың қайталанбайтынына кепілдік берілді. Енді арнайы тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы келесі кеңес отырысында ұсынылады", – деп мәлімдеді ұйым басшылығы.

Коммерциялық құқықтарды сату жобасы тоқтатылды

ФИФА мәлімдеуінше, FIFA Forward Enterprise жобасы қазіргі уақытта күн тәртібінен толық алынып тасталған.

"Бұған дейін хабарланғандай, мүше қауымдастықтар мен ФИФА кеңесінің мақұлдауын қажет ететін жоба енді қаралмайды. Жобаның жабылуына байланысты ФИФА өз беделіне, басқару қағидаттарына және рәсімдік нормаларына нұқсан келтіретін әрекеттерге бұдан былай жол бермейді және өз атағы мен беделін қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Әр тәжірибеден сабақ алуға болады, сондықтан ФИФА өз жұмыс үдерістерін жетілдіруді жалғастырады. Сонымен бірге, жіберілген қателіктерге қарамастан, барлық әрекет ФИФА-ның қолданыстағы нормативтік талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылғанын атап өткен жөн", – делінген хабарламада.

Еске салайық, шілде айында ФИФА жаңа құрылымның шамамен 20 пайыз үлесін жеке инвесторларға сату арқылы 4,2 миллиард доллар тартуды жоспарлаған болатын. Бұл құрылымға ұйымның медиа және коммерциялық құқықтары, соның ішінде әлем чемпионаттарының құқықтары берілуі тиіс еді.

Кейін бұқаралық ақпарат құралдары бұл үлесті америкалық кәсіпкер Джошуа Кушнердің инвестициялық қоры сатып алуы мүмкін екенін жазды. Осыдан кейін УЕФА бұл бастама толық кері қайтарылғанға дейін ФИФА ұйымдастыратын турнирлерге бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Артынша Джанни Инфантино коммерциялық құқықтардың бір бөлігін сату жоспары тоқтатылғанын хабарлады.

БАҚ мәліметінше, соңғы уақытта Инфантино әлемдік футбол қауымдастықтары басшылығының қысымына ұшырап, қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат тараған. 4 тамызда Иордания футбол қауымдастығының президенті Әли бин әл-Хусейн әлеуметтік желіде ФИФА Инфантиноны қолдауға мәжбүрлеу үшін қысым көрсеткенін мәлімдеген. Ал келесі күні The Times басылымы Инфантино қолдау көрсету үшін Мароккоға 2030 жылғы әлем чемпионаты финалын өткізу құқығын ұсынғанын жазды.

56 жастағы Джанни Инфантино ФИФА президенті қызметін 2016 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді. Бұған дейін ол УЕФА жүйесінде жұмыс істеген.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport