Футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінің бесінші турында Уэльстен ұтылды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Астана қаласында өткен матч 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Жеңісті голды 24-минутта Киффер Мур соқты.
Қазақстандық футболшыларда есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шығуға мүмкіндігі болды. Әсіресе шабуылда белсенді ойнаған Ғалымжан Кенжебекке сәттілік жетіспеді – бірнеше рет допты дәл бағыттай алмады. Дегенмен, словакиялық "Кошице" командасының ойыншысы жанкештілігімен және қақпаға бағытталған ұмтылысымен жақсы әсер қалдырды. 65-минутта оны Ислам Чесноков алмастырды. Соңғысы 83-минутта есепті теңестіре алатын тамаша мүмкіндікке ие болды, бірақ, оның соққысы қақпадан сәл асып кетті.
Жұмсаған бар күш-жігерге қарамастан, Қазақстан құрамасы өз алаңында ұпайдан айырылды. Осы нәтижеден кейін Қазақстан 3 ұпаймен 4-орында тұр. Ал Уэльс бұл жеңістен кейін 10 ұпай жинап, турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілді.
J тобы:
Уэльс — 10 ұпай (5 матч)
Солтүстік Македония — 8 ұпай (4 матч)
Бельгия — 4 ұпай (2 матч)
Қазақстан — 3 ұпай (4 матч)
Лихтенштейн — 0 ұпай (3 матч)
Еске салайық 7 қыркүйекте Али Алиевтің шәкірттері Бельгиямен сырт алаңда ойнайды.