Сомалилік төреші Омар Артанды Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылғы әлем чемпионатында жұмыс істейтін 52 төрешінің тізіміне енгізген болатын, алайда оған АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сомалилік алғашқы төреші
Журналист Ромен Молина мен Сомали футбол федерациясындағы дереккөздердің мәліметінше, Артанды Майами әуежайында тоқтатып, себеп түсіндірілместен елге кіруге рұқсат бермеген. Кейін ол кері рейспен Түркияға жөнелтілген.
Осылайша, ол әлем чемпионатының финалдық кезеңіне тағайындалған алғашқы сомалилік төреші атануы тиіс еді.
2025 жылы Африка футбол конфедерациясы оны құрлықтың үздік төрешісі деп таныған.
АҚШ-қа кіру мәселесі
Артанның АҚШ-қа сапары оңай болмаған. Төрешіде виза рәсімдеу барысында қиындықтар туындаған, сондықтан іске Сомали елшілігі араласқан. Нәтижесінде оған кіруді жеңілдетуі тиіс болған дипломатиялық паспорт берілген. Алайда бұл да көмектеспеді.
The Daily Somalia және Ромен Молинаның мәліметінше, Артан Майами халықаралық әуежайына келген кезде иммиграциялық қызмет өкілдері оған елге кіруге рұқсат бермеген. Себебі ресми түрде түсіндірілмеген. Кейін төреші Ыстамбұлға қайтарылған рейске отырғызылған.
Неліктен мұндай жағдай болды?
Сомали АҚШ-қа кіруі шектеулі елдердің қатарына кіреді. Сондықтан көптеген азаматтар үшін виза алу өте қиын, дегенмен дипломаттар мен ел мүддесіне маңызды сапарлар үшін кейбір жеңілдіктер қарастырылған.
Сондықтан Омар Артанның жағдайы көп сұрақ тудырып отыр. Ол ФИФА тағайындауымен әлемнің ең ірі футбол турниріне жұмыс істеуге бара жатқан, дипломатиялық паспорты болған және ресми тізімге енгізілген. Соған қарамастан елге кіре алмаған.
ФИФА мәлімдемесі
ФИФА төреші Омар Абдулкадир Артанның АҚШ-қа кіре алмауына байланысты 2026 жылғы әлем чемпионатында жұмыс істей алмайтынын растады.
"ФИФА қабылдаушы елдегі көші-қон және визалық бақылау процестеріне қатыспайды және Артанның мәртебесіне қатысты билік шешімі өзгермейтінін хабар алды. Елге кіру немесе визаны беру туралы түпкілікті шешім қабылдаушы ел үкіметіне тиесілі", - делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Жарнама