Тунис футбол федерациясы (FTF) ұлттық құраманың бас бапкері Сабри Лямушимен келісімшартты тоқтатқанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Тунис бас бапкерімен қоштасты
ӘЧ-2026 топтық кезеңінің алғашқы турында Тунис құрамасы Швециядан 1:5 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Осы сәтсіз нәтижеден кейін федерация шешім қабылдады.
"Тунис футбол федерациясы бас бапкер Сабри Лямушимен келісімшарттың өзара келісім бойынша тоқтатылғанын хабарлайды және оған болашақ мансабында сәттілік тілейді", - делінген ресми мәлімдемеде.
54 жастағы француз маманы Тунис құрамасын 2026 жылдың қаңтар айынан бері жаттықтырып келген. Бұған дейін ол "Кардифф Сити", "Ноттингем Форест", "Әл-Духаил", "Ренн" клубтарында және Кот-д’Ивуар ұлттық құрамасында қызмет атқарған.
Тунис құрамасын енді кім жаттықтырады?
Журналист Ромен Молинаның мәліметінше, Тунис құрамасының жаңа бас бапкері Эрве Ренар болуы мүмкін. Федерация 57 жастағы француз маманымен келіссөз жүргізіп, тіпті ӘЧ-2026 аяқталғанға дейінгі белгілі бір кепілдіктер ұсынған.
Ренардың соңғы жұмыс орны Сауд Арабиясы құрамасы болды. Ол бұл команданы 2024 жылдан 2026 жылдың сәуіріне дейін басқарды. Бұған дейін Марокко, Кот-д’Ивуар, Замбия құрамаларын, сондай-ақ, "Лилль", "Сошо" клубтарын және Франция әйелдер құрамасын жаттықтырған.
ӘЧ-2026 аясында Тунис құрамасы топтық кезеңде тағы екі ойын өткізеді:
21 маусым — Жапонияға қарсы
26 маусым — Нидерландқа қарсы
Айта кетейік, ӘЧ-2026 турнирі АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатыр. Финал 19 шілде күні өтеді.
Жарнама