Футбол
Бүгін 09:51

ӘЧ-ден шығып қалысымен Франция Зиданға қатысты түбегейлі шешім қабылдады

©Maxisports/depositphotos.com

Франция құрамасына бас бапкер болып келгелі отырған Зинедин Зиданның келісімшартына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.

2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін Франция футбол федерациясы аңызға айналған маманмен келісімнің барлық шарттарын келісіп қойған.

Тағайындалатыны қашан ресми жарияланады?

RMC Sport мәліметінше, Зиданның Франция құрамасының бас бапкері болып тағайындалғаны келесі аптаның соңына дейін ресми түрде жарияланады.

Франция футбол федерациясы келісімшартқа 21 шілдеден кешіктірмей қол қоюды жоспарлап отыр. Дереккөздің хабарлауынша, келісімнің барлық талаптары келісілген, енді тек құжаттарға ресми түрде қол қою ғана қалды.

Зиданның еңбекақысы мен бапкерлер штабы

Ақпаратқа сәйкес, Зиданның Франция құрамасындағы негізгі айлығы бонуссыз 300 мың еуроны құрайды. Ал келісімде қарастырылған сыйақыларды қоса есептегенде, оның ай сайынғы табысы 450 мың еуроға дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ дәл осы сома Франция заңнамасына сәйкес ұлттық құраманың бас бапкері үшін белгіленген ең жоғары айлық екені атап өтіледі.

Зидан ұлттық құрамада ауқымды бапкерлер штабын жасақтауды жоспарлап отыр. Оның құрамына 25 маман кіреді.

Төрт жылдан кейінгі қайта оралу

53 жастағы маман үшін бұл 2021 жылдан бергі алғашқы жұмыс орны болмақ.

Мадридтің "Реалынан" кеткеннен кейін Зидан бірнеше еуропалық алпауыт клубтардың қызығушылығына қарамастан, ешбір клубты немесе ұлттық құраманы жаттықтырмаған.

Франциялық маман "Реалды" екі кезеңде - 2016-2018 және 2019-2021 жылдары басқарды. Осы уақыт ішінде мадридтік клубпен қатарынан үш мәрте Чемпиондар лигасын жеңіп алып, Испания чемпионы атанды және басқа да көптеген жүлдені иеленді.

Еске салайық, Франция құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан 0:2 есебімен жеңіліп, турнирмен қош айтысты. Осыдан кейін Дидье Дешам бас бапкер қызметінен кетті. Оның орнын енді Зинедин Зидан басады.
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport