Футболдан Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони Лионель Мессидің 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы жайлы ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
"Егер ол бұл турнирді соңғысы деп шешсе, бұл үлкен мәртебе болар еді, өйткені ешқашан нақты білмейсің. Барлығы оның алаңда болғанын, ойынын тамашалауды қалайды. Мен команда оны барынша қолдай алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Уақыты келгенде, егер ол ойнауды шешсе, біз бәрін бірге талқылаймыз. Ол да біз сияқты жеңіске ұмтылады. Егер келсе, толық дайын болып, бәсекеге түседі. Оның ойынын тағы да тамашалай аламыз деп үміттенеміз - алдағысын уақыт көрсетеді", - деді Скалони TyC Sports-қа берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Скалони Месси карьерасында 1000 голдық межеге жете алатынына сенім білдірді (қазір оның еншісінде 902 гол бар):
"Менің ойымша, ол бұл межеге жетеді. Егер ойынын жалғастырса, еш қиындық болмайды. Оның әрі қарай да ойнағанын қалаймыз, өйткені ол алаңда бақытты, ал жанкүйерлер оны көргісі келеді. Ол бір жылда 90-нан астам гол соққан кездері болды - елестетіп көріңіз, ол бұл көрсеткішке жете алады".
Айта кетейік, топтық кезеңде Аргентина ұлттық құрамасы J тобында Алжир, Аустрия және Иордания құрамаларымен кездеседі.
Жарнама