Бельгия құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында АҚШ-ты ойсырата ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сиэтлде (АҚШ) өткен кездесу еуропалықтардың 4:1 есебіндегі сенімді жеңісімен аяқталды.
Бельгиялықтар ойын тізгінін алғашқы минуттардан-ақ қолға алып, есепті тоғызыншы минутта ашты. Айып алаңында бірінші болып допқа жеткен Шарль де Кетеларе жақын қашықтықтан дәл соққы жасап, қарсылас қақпасына гол салды.
АҚШ құрамасы 31-минутта таразы басын теңестірді. Малик Тиллман айып добын тамаша орындап, бельгиялық қақпашы Тибо Куртуаға еш мүмкіндік қалдырмады. Алайда алаң иелерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Араға екі минут салып, де Кетеларе баспен соққан голының арқасында дубль авторы атанды.
Екінші таймда бельгиялықтар басымдығын арттыра түсті. 57-минутта Ханс Ванакен АҚШ қақпашысының қателігін тиімді пайдаланып, командасының үшінші голын соқты.
Қосымша уақытта Ромелу Лукаку қарсылас қақпасына төртінші допты енгізіп, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Айта кетейік, АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогун негізгі құрамда алаңға шықты. Ол алдыңғы матчта қызыл қағаз алып, Бельгияға қарсы кездесуді өткізіп жіберуі тиіс болған. Алайда ФИФА-ның Тәртіптік комитеті даулы шешім қабылдап, оның дисквалификациясының күшін уақытша тоқтатты.
Енді ӘЧ-2026 ширек финалында Бельгия құрамасы бұған дейін Португалияны 1:0 есебімен ұтқан Испаниямен кездеседі.