Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро ұлттық команда ішінде жалған ақпарат таратқан адам болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Италиялық маман командасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіз өнерінен кейін пікір білдірді. Өзбекстан құрамасы турнирдегі үш кездесуінің барлығында жеңіліс тапты. Команда Колумбиядан (1:3), Португалиядан (0:5) және Конго Демократиялық Республикасынан (1:3) ұтылды.
Каннавароның айтуынша, ұлттық құраманың айналасында жалған ақпарат тым көп тараған.
"Біреу жалған ақпарат көп таратты. Мүмкін, мен шетелдік бапкер болғандықтан шығар.
Команданың жұмыс істеу ережелерін мен ойлап тапқан жоқпын. Бұл – Еуропада қалыптасқан қалыпты стандарттар. Жалған ақпаратты не үшін тарату керегін түсінбеймін", – деп береді Каннавароның сөзін Championat Asia.
Италиялық маман өзінің алдындағы бапкерге құрметпен қарайтынын және оның ұлттық командамен жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
"Менің алдымдағы жергілікті бапкер өте жақсы маман болды және жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ бұл мені сынауға себеп емес. Мен бұл жағдайды түсіндірмей қалдыра алмадым", – деді ол.
Сөз соңында Каннаваро мұндай ақпараттың тарауына команданың ішіндегі бір адамның қатысы болуы мүмкін екенін айтты.
"Мүмкін, ұлттық құраманың ішінде "егеуқұйрық" болған шығар. Сондықтан осыншама жалған ақпарат тараған", – деді Өзбекстан құрамасының бас бапкері.
Айта кетейік, Каннаваро бапкерлік карьерасын 2019 жылы Қытайдың "Гуанчжоу Эвергранд" клубымен ел чемпионы атанып, бір жыл бұрын Қытай Суперкубогын жеңіп алған. Сондай-ақ ол "Тяньцзинь Цюаньцзянь" командасын Қытайдың жоғары дивизионына шығарды.
Маман 2025 жылдың қазан айынан бері Өзбекстан құрамасын жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды.