Әлем чемпионатының ширек финалдық кезеңі аяқталғаннан кейін Opta аналитикалық платформасы турнир жеңімпазына қатысты жаңартылған болжамын жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Суперкомпьютердің есебіне сәйкес, 2026 жылғы әлем чемпионатының басты фавориті болып Килиан Мбаппе бастаған Франция құрамасы саналады. Дидье Дешам шәкірттерінің чемпион атану мүмкіндігі 33,58 пайыз деп бағаланған.
Екінші орында 23,84 пайыздық көрсеткішпен Испания құрамасы тұр. Ал Англияның чемпион болу ықтималдығы 22,62 пайызға тең.
Қазіргі әлем чемпионы Аргентина құрамасы Opta нұсқасы бойынша турнирде қалған төрт команданың ішіндегі ең төмен мүмкіндікке ие. Суперкомпьютер Лионель Месси бастаған құраманың чемпиондық атағын қорғау ықтималдығын 19,96 пайыз деп бағалап отыр.
Әлем чемпионатының жартылай финалында Франция Испаниямен кездессе, Англия Аргентинамен күш сынасады. Осы матчтардың жеңімпаздары турнирдің басты жүлдесін сарапқа салады.
Месси бұған дейін әлем чемпионатының финалында Мбаппеден басым болды
Төрт жыл бұрын Лионель Месси мен Килиан Мбаппе 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатының финалында бір-біріне қарсы ойнаған болатын.
Футбол тарихындағы ең тартысты финалдардың бірі атанған кездесудің негізгі және қосымша уақыты 3:3 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Онда Аргентина құрамасы 4:2 есебімен басым түсті.
Сол матчта Месси дубль авторы атанып, мансабында алғаш рет әлем чемпионы болды. Ал Мбаппе хет-трик жасап, 1966 жылдан бері әлем чемпионатының финалында үш гол соққан алғашқы футболшы ретінде тарихқа енді. Алайда оның жарқын ойыны Францияны чемпиондыққа жеткізе алмады.
2026 жылғы әлем чемпионатында Месси мен Мбаппе тағы да турнирдің басты жұлдыздарының қатарында. Екі футболшы да чемпиондық үшін күресті жалғастырып жатыр және сұрмергендер жарысында сегіз голдан соғып, көш бастап тұр.
Жарнама