Мысыр құрамасының шабуылшысы Мохамед Салах карьерасын қай клубта жалғастыратынын шешкен сыңайлы, деп хабарлайды Vesti.kz.
Sabah-қа сілтеме жасаған Sporx хабарламасына қарағанда, "Ливерпульдің" бұрынғы шабуылшысын түркиялық "Бешикташ" өз қатарына қосу бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр және трансферді жақын арада аяқтауға үміттенеді.
Бұған дейін Түркияның 16 дүркін чемпионы Салахпен келісімнің негізгі шарттары бойынша ортақ мәмілеге келген. Алайда футболшының өкілдері қосымша талаптар қойғаннан кейін келіссөздер созылып кеткен.
Дереккөздің мәліметінше, "Бешикташ" президенті Сердал Адалым Салах үшін ұсынылған бастапқы 12 миллион еуролық қаржы пакетін ұлғайтуды жоспарлап отырған жоқ. Клуб басшылығы мысырлық футболшының өкілдерінің шамадан тыс қаржылық талаптарын орындамайтынын жеткізгенімен, келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.
Жақын күндері Салахтың өкілдері Ыстамбұлға қайта келіп, клуб басшыларымен кезекті кездесу өткізеді деп күтілуде. Сонымен қатар, футболшының жұбайы Ыстамбұлға көшуді қолдайтыны және оның шешіміне ықпал етіп отырғаны айтылды.
Мәліметке сәйкес, Салахтың жеке келісімшарт талаптарына қатысты ешқандай мәселесі жоқ. Егер оның өкілдері бастапқыда келісілген қаржылық шарттарға қайта оралса, трансфер ресми түрде аяқталады.
"Бешикташ" бұл мәмілені ертеңнен кешіктірмей аяқтап, бейсенбі күні (23 шілде) "Тюпраш" стадионында "Мидтьюлланнға" қарсы өтетін матч алдында Салахты жанкүйерлерге таныстыруды жоспарлап отыр.
Еске салайық, 34 жастағы Мохамед Салах биылғы жазда тоғыз маусымнан кейін "Ливерпульден" кеткен болатын. Ол ағылшын клубымен бірге УЕФА Чемпиондар лигасын, Англия премьер-лигасын, Англия кубогын және УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Өткен маусымда шабуылшы барлық турнирде 41 матч өткізіп, 12 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.
Сондай-ақ Салах 2026 жылғы әлем чемпионатында Мысыр құрамасының сапында өнер көрсетті. Африкалық команда 1/8 финалға дейін жетіп, Аргентинаға қарсы драмалық матчта 79-минутқа дейін 2:0 есебімен алда тұрғанына қарамастан, 2:3 есебімен ұтылып аяқтады.
Жарнама