Британиялық БАҚ "Манчестер Сити" клубы ойыншыларының 2025 жылдағы айлығы туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Тізімде орташа жалақы алатын жас таланттар да, рекордтық табысқа ие әлемдік жұлдыздар да бар.Командаға жаңадан келіп, маусымның екінші жартысын англиялықтар сапында ойнаған Абдуқодир Хусанов аптасына 20 мың еуро табыс табады екен. Lentedesportiva дерегіне сүйенсек, бұл көрсеткіш "қалалықтар" құрамындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншылар тізімінде 25-орынға сәйкес келеді.
Күтпеген жерден "Алтын доптың" қазіргі иегері Родри Эрнандес төмен - тоғызыншы орында тұр. "Сити" клубының негізгі ойыншысы әрі әлемнің үздік футболшысы атанған испаниялық жартылай қорғаушы аптасына 220 мың еуро алады.
Айлығы жоғарылардың үздік үштігіне команданың шабуыл шебіндегі жұлдыздары енді. Португалиялық Бернарду Силва мен ағылшын Джек Грилиш аптасына 300 мың еуро еңбекақымен екінші орынды бөлісіп тұр. Рейтингтің көшін бастап тұрған - Эрлинг Холанд. Оның 2034 жылға дейінгі келісімшарты аптасына 525 мың еуро табыс әкеледі, бұл көрсеткішке миллиондаған бонустар кірмейді. Норвегиялық шабуылшы клубтағы басты жұлдыз әрі ең табысты ойыншы болып тұр – тек алаңда ғана емес, одан тыс жерде де.