43 жастағы Буффон "Барселона" ұсынысын қабылдамады. Қақпашы тарихи жоспарын іске асырмақ

Сурет: ТАСС/Matteo Ciambelli

43 жастағы қақпашы Джанлуиджи Буффон каталондық "Барселонаның" ұсынысынан бас тартты, деп хабарлайды Sport.es.

Италиялық голкипер 2020/21 маусымы аяқталысымен "Ювентус" сапынан кетіп, еркін агент ретінде қалды.

"Барселона" футбол ардагеріне команда қақпашысы болуды ұсынған. Дегенмен Буффон одан бас тартқан, өйткені қосалқы ойыншылар орнында отырып қалғысы келмейді. 

Diario Sport мәліметінше, қақпашының қазіргі мақсаты 2022 жылғы әлем чемпионатына барып, тарихта әлемдік додаға алты рет қатысқан бірінші футболшы атану. 

А сериясының өткен маусымында қақпашы сегіз матчке ғана қатысты. 

Буффон "Ювентус" сапына 2001 жылы "Пармадан" 52,8 миллион еуроға ауысып келген. 17 жылдан кейін франциялық "Пари Сен-Жерменге" еркін агент құқымен барады, алайда, 2019 жылы бір маусым өтісімен Туринге оралды.