Футбол
Бүгін 12:03

38 дүркін чемпион "Реалдың" алдын орап Моуриньоға ұсынысты бұрын жасады

©Depositphotos

Лиссабондық "Бенфика" клубы мадридтік "Реал" тарапынан қызығушылық туындауына байланысты бас бапкер Жозе Моуриньюді командада алып қалуға әрекет жасап жатыр, деп хабарлайды Vesti.kz.

DiarioSport мәліметінше, клуб басшылығы 63 жастағы маманға жаңа келісімшарт ұсынған.

Келіссөздердің бастамашысы "Бенфика" президенті Руи Кошта болған. Ол Моуриньюмен жеке байланысқа шығып, клубтың аңызға айналған португалиялық бапкердің еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізген. Сонымен қатар, жаңа келісімнің қаржылық жағынан әлдеқайда тиімді екені айтылуда.

Алайда Моуринью әзірге бұл ұсынысқа нақты жауап бермеген. Оның есімі әлі де "Реалдың" бас бапкері қызметіне үміткерлер қатарында аталып жүр.

Record басылымының мәліметінше, "Бенфика" мен Моуринью арасында 7 миллион еуро көлеміндегі өтемақы туралы келісім бар. Егер бапкер маусым аяқталғаннан кейінгі он күн ішінде келісімшартты бұзатын болса, бұл соманы клуб алады.

“Ерекше” лақап атымен танымал Моуринью "Бенфиканы" 2025 жылдың қыркүйегінде жаттықтыра бастады. Оның келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін есептелген. Осы маусымда лиссабондық клуб португалиялық маманның жетекшілігімен 44 матч өткізіп, 26 жеңіске жетті, 10 рет тең ойнап, 8 мәрте ұтылды.

"Бенфика" - Португалиядағы ең атақты клубтардың бірі. Команда 38 рет ел чемпионы атанып, 26 мәрте Португалия кубогын және 10 рет Суперкубокты жеңіп алған.

Бұған дейін Моуриньюдің маусым соңында "Реалға" қайта оралуы мүмкін екені хабарланған еді.

Айта кетейік, ол мадридтік клубты 2010-2013 жылдары жаттықтырған. Осы аралықта "Реалмен" бірге Испания чемпионатын, ел кубогын және Суперкубогын жеңіп алды.

Қазіргі таңда "Реалды" Альваро Арбелоа жаттықтырып жатыр. Ол қаңтар айында қызметінен босатылған Хаби Алонсоның орнын басқан еді. Енді мадридтік клуб бұл маусымды жүлдесіз аяқтамақ.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport