Футбол
Кеше 10:26

2026 жылғы ӘЧ-нің ашылу матчінде бірнеше рекорд тіркелді

©Матч трансляциясынан

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу матчында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездесіп, мексикалықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойын бірден бірнеше тарихи көрсеткішпен есте қалды, деп хабарлайды Vesti.kz

Алғашқы голдың авторы

Opta дерегіне сәйкес, мундиальдағы алғашқы голдың авторы Хулиан Киньонес болды. Ол матчтың тоғызыншы минутында есеп ашты. Бұл – 2006 жылдан бергі әлем чемпионаттарының ашылу ойындарындағы ең жылдам гол. Бұған дейін мұндай жетістікке Германия құрамасының қорғаушысы Филипп Лам Коста-Рика қақпасына алтыншы минутта гол соғып қол жеткізген еді.

Турнирдегі алғашқы алаңнан қуылу

ӘЧ-2026 тарихындағы алғашқы қызыл қағаз да осы кездесуде көрсетілді. Матчтың 49-минутында ОАР жартылай қорғаушысы Спефело Ситхоле соңғы үміт фолын жасағаны үшін алаңнан қуылды. Бұл – 1994 жылдан бері әлем чемпионатының ашылу матчында тіркелген алғашқы алаңнан қуылу.

Бұдан бөлек, 84-минутта Темба Зване де қызыл қағаз алып, оңтүстікафрикалықтар ойынды тоғыз футболшымен аяқтады. Осылайша ОАР құрамасы 2006 жылдан бері әлем чемпионатының бір матчында екі қызыл қағаз алған алғашқы команда атанды.

Буындар сабақтастығы

Кездесудің 67-минутында алаңға шыққан Гильберто Мора тағы бір тарихи көрсеткіштің авторы болды. Ол 17 жас 240 күнінде әлем чемпионатын қабылдаушы ел құрамасы сапында ойнаған ең жас футболшы атанды.

Сондай-ақ, мексикалық шабуылшы Рауль Хименес те тарихта өз ізін қалдырды. Ол әлем чемпионаттарындағы алғашқы голын соғып, 2006 жылдан бергі мундиальдардағы ең егде жастағы гол авторы атанды.

Үш қызыл қағаз көрсетілген матч

Қосымша уақытта Мексика құрамасының капитаны Сесар Монтес те қызыл қағаз алды. Нәтижесінде ӘЧ-2026 ашылу матчы 1998 жылдан бері әлем чемпионаттарында үш тікелей қызыл қағаз көрсетілген алғашқы ойын ретінде тарихқа енді.

Бұған дейін екі ойыншы 1990 жылғы Италияда өткен әлем чемпионатының ашылу матчында алаңнан қуылған болатын. Аргентина мен Камерун құрамалары арасындағы кездесуде камерундық қорғаушы Андре Кана-Бийик қызыл қағаз алса, оның командаласы Бенжамен Массинг екі сары қағаздың нәтижесінде ойыннан шеттетілген еді.

Ал әлем чемпионаттары тарихындағы бір матчта ең көп қызыл қағаз 2006 жылы Португалия мен Нидерланды құрамалары арасындағы 1/8 финал ойынында тіркелген. Сол кездесуде ресейлік төреші Валентин Иванов төрт футболшыны алаңнан қуған болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport