Женская борьба
17 маусым 2021 17:21

Токио Олимпиадасына әйелдер күресінен ел намысын қорғайтын арулар анықталды

Эльмира Сыздықова. Сурет: ҰОК

Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Нұрлан Аманғосов Токио Олимпиадасында белдесетін балуандар тізімін жариялады деп хабарлайды Olympic.kz

Аталған күрес түрінен Қазақстан командасы үш жолдама жеңіп алған болатын. Токио кілемінде Қазақстан намысын Валентина Исламова (50 келі), Татьяна Аманжол (53 келі) және Эльмира Сыздықова (76 келі) қорғайды. 

"Қыздарымыз мақсатты түрде әрі толыққанды жаттығу үшін бар жағдайды жасап жатырмыз. Жолдаманы жеңіп алған қыздардың барлығына да мүмкіндік береміз. Олар өз деңгейлерінің жоғары екендігін дәлелдеп келеді. Ал қалған жас спортшыларымызды Түркияда өтетін рейтингілік турнирге апарамыз. Алда Олимпиададан бөлек, әлем чемпионаты бар. Сол сынға дайындалады", - дейді бас бапкер. 


Валентина Исламова Олимпиада жолдамасын 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен лмцензиялық әлем чемпионатында жеңіп алды. Ол өз салмағында қола жүлдегер атанған болатын. 

Татьяна Аманжол үшін бұл өз мансабындағы екінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі балуан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында бестікке енген. Татьяна араға екі олимпиадалық цикл салып, кілемге қайта оралды. 

Эльмира Сыздықова 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол Токио Олимпиадасының жолдамасын елордадағы әлем біріншілігінде ұтып алды.