Харри Кейн Руни мен Анридің АПЛ-дегі рекордын жаңартты

«Тоттенхэм» клубының шабуылшысы Харри Кейн премьер-лиганың осы маусымын керемет бастады.

Кешегі «Вест Хэм Юнайтедпен» өткен 5-тур матчында 27 жастағы футболшы бірінші таймның ортасына қарай бірден үш голға өз үлесін қосты. 1-минутта Кейн серіктесі Сон Хын Минге нәтижелі пас шығарып берді, ал 8 және 16-минуттарда өзі гол соқты. Кездесудің бірінші жартысындағы жетістіктерге қарамастан, «Тоттенхэм» ойын соңына дейін басымдығын сақтай алмай (3:3), үш гол жіберіп алды.

Осылайша, чемпионаттағы бес турдың қорытындысы бойынша Кейн 5 гол (1 - пенальтиден) және 7 нәтижелі пастың авторы атанып, 12 голға өз үлесін қосты. Goal.com сайтының хабарлауынша, ол премьер-лиганың рекордын жаңартты. 2004/2005 жылғы маусымда «Арсеналдың» бұрынғы шабуылшысы Тьерри Анри және 2011/12 жылғы маусымда «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы шабуылшысы Уэйн Руни 5 турда 11 нәтижелі әрекетпен көзге түскен еді.
Метки: