Олимпиадаға баратын велоспортшылар белгілі болды
Велоспорттан Қазақстан командасының бас бапкері Асан Базаев Токио Олимпиадасында сынға түсетін спортшылар есімін атады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Велоспорттан Қазақстан командасының бас бапкері Асан Базаев Токио Олимпиадасында сынға түсетін спортшылар есімін атады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық велоспорт федерациясының қорытынды рейтингі бойынша, Қазақстан командасы үш лицензия иеленген болатын. Ұпай жинау кезеңдері 2018 жылдың 22 қазаны мен 2019 жылдың 22 қазаны аралығын қамтыды. Қорытынды есепте біздің команда 3259,35 ұпаймен 19-орынға табан тіреді. Бұл ретте 2019 жылы Қазақстан қоржынын маңызды ұпайлармен толтырған Алексей Луценконың еңбегі ерекше екенін атап өту керек.
Сондай-ақ, қазақстандық велошабандоздар Азия біріншілігінде үш алтын алып, команда рейтингіне 555 ұпай қосты. Осылайша, 2004 жылдан бері алғаш рет топтық сында Қазақстан атынан үш спортшы бақ сынайды.
Олимпиада ойындарында Қазақстан командасының капитаны міндетін Алексей Луценко атқарады. Дмитрий Груздев пен Вадим Пронский де ел намысын қорғайды.
"Құрамды бір апта бұрын анықтадық. Жарыста Луценко капитан атанса, Груздев пен Пронский оған көмектеседі. Алғашында Андрей Зейцті Олимпиадаға апарамыз деп ойлаған ек, алайдаа, ол жарақатынан кейін бабына келіп үлгермеді. Оған қарағанда Дмитрий нағыз бабында. Пронский "Джиродан" кейін өзін жақсы көрсетіп жүр, Алексейге көмегі көп болары анық. Шынын айтқанда, бұл біз үшін әлдеқашан жасалған таңдау. Өйткені, олардың барлығы да Олимпиада алдында бабына енді. Пронский командамен бірге тауда дайындалуда, Луценко мен Груздев "Тур де Франстан" кейін Токиоға ұшып келеді", - дейді бас бапкер.
Ерлер арасындағы бәсеке 24 шілдеде топтық жарыстан басталады. Жарысқа 130 спортшы қатыспақ. Ал жекелей сында Алексей Луценко бақ сынайды.
Жарнама