"Расында, маусымның бел ортасында "Тур де Франс" көпкүндігінің алдында, қызметімнен кеткенім жайлы электронды почтама келген хат арқылы білдім".
Бұл жаңалықтың алдында Францияның L’Equipe басылымы Винокуровтың жұмыстан қуылуының себебін жеке мәселелерімен байланыстырған. Алайда Олимпиада чемпионы бұл ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды Vesti.kz.
"Жұмыстан кетуім – жеке басымның мәселелеріне қатысты емес екенін жеткізгім келеді. Маған келген хабарламада команданың соңғы уақытта көрсетіп жүрген төмен нәтижелерінің салдарынан екені жазылған. Алайда онысымен келіспеймін. Бүгінгі таңда маусым аяқталмаса да команда қоржынында 33 түрлі жүлде бар. Оның ішінде 8 мәрте жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілгенбіз. Неге маусымның соңында қорытынды шығарып, сол кезде нақты себебін айтпасқа? 2013 жылдан бері команданың бас менеджері ретінде жемісті жұмыс істеп келдім. Атап айтқанда 2013-2019 жылдары "Астана" велокомандасы 170-тен астам жарыста жеңіске жетті. 4 рет суперкөпкүндікте топ жарып, гранд турда бес рет жүлдегерлер қатарына іліктік. Өкінішке қарай 2019 жылдан бері басшылық тарапынан өзгерістер орын ала бастады" – дейді Винокуров.
Еске салсақ, Астана велокомандасының басқарушы директоры Яна Зель Александр Винокуровтың қызметінен кеткенімен, командада басқа функцияны атқаратынын мәлімдеген болатын. Бұл ретте Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов Олимпиада чемпионын жұмыстан шығаруына қарсылығын білдірген.