Керлинг
23 ақпан 2022 18:24

"Керлингке 200 миллион теңге". Олимпиада ойындарына қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды

©e-history.kz

Олимпиада ойындарына ұлттық командалардың дайындығына 789 млн теңге бағытталды. Бұл туралы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков айтты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

"Олимпиада ойындарына тікелей қатысу тұрғысында 248 млн теңге жұмсалды. Соның 107 млн теңгесі "Эйр Астана" компаниясына чартерлік рейстерді ұсынғаны үшін төленді", - деді А. Крюков Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, Олимпиада ойындарына ұлттық командалардың дайындығына 789 млн теңге бағытталды. Осы орайда оқу-жаттығу жиыны дайындығы мен жарыстарына 234 спортшы мен бапкер қатысты. Бір қатысушыға жұмсалған қаражаттың орташа көлемі 15 млн теңге болды.

Бұл ретте А. Крюков нақты спорт түрі бойынша жыл бойында қанша қаражат бағытталғанын нақтылады. Биатлонға – 384 млн теңге, тау шаңғысына – 100 млн, коньки спорты – 400 млн, шаңғы жарысы- 363 млн, керлинг – 200 млн, трамплиннен шаңғымен секіру – 198 млн, сноуборд – 14 млн, конькимен мәнерлеп сырғанау – 143 млн, фристайл-могул – 562 млн, фристайл акробатика – 319 млн, шайбалы хоккей – 259 млн, шорт-трекке 392 млн теңге жұмсалды.

"Жалпы, қысқы спорт түрлеріне бюджеттік қаржыландыруда 3,5 млрд теңге қарастырылды", - деді ол.

Бұдан бөлек, Ұлттық Олимпиада комитеті осы олимпиадалық циклге тартқан демеушілік қаражаты айтылды. Осы орайда 2018 жылы – 365 млн теңге, 2019 жылы – 369 млн, 2020 жылы – 500 млн, 2021 жылы 599 млн теңге бағытталды. Жалпы, демеушілер есебінен спорттық бағдарламаны қаржыландыруға 2 млрд теңгеге жуық тартылды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport