Қазақстанның ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан керлингтен іріктеу турнирінде плей-офф кезеңіне жетпей жарыс жолын аяқтады.
Қазақстандық спортшылар А тобында өнер көрсетіп, жеті кездесу өткізді. Ұлттық құрама үш ойында жеңіске жетіп, төрт рет жеңіліс тапты. Нәтижесінде топтық кезеңде алтыншы орынға тұрақтады.
Соңғы кездесуінде Қазақстан құрамасы Гонконг командасымен кездесті. Ойынның негізгі уақыты тең есеппен аяқталып, жеңімпаз қосымша кезеңде анықталды. Өкінішке қарай, шешуші кезеңде қарсылас команда 8:5 есебімен басым түсті.
Топтық кезеңде қазақстандық керлингшілер Данияны (5:3), Аустрияны (7:4) және Мексиканы (9:3) жеңді. Ал Түркияға (3:6), Норвегияға (1:6), Испанияға (4:7) және Гонконгқа (5:8) есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы А тобында алтыншы орын алып, жалпы есепте 12-сатыға жайғасты.
Плей-офф кезеңіне әр топтан үздік төрт команда жолдама алды. А тобынан Норвегия, Дания, Австрия және Түркия құрамалары жарысты жалғастырады.
Айта кетейік, бұл турнирде Қазақстан намысын Абылайхан Жүзбай, Әділ Жұмағожа, Айдос Аллияр, Мадияр Қорабаев және Дмитрий Гарагуль қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша 2027 жылғы әлем чемпионатына алты құрама жолдама алады.