UFC-де жеңіліп көрмеген эквадорлық Майкл Моралес (19-0) егер ресейлік Ислам Махачевпен (29-1) чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізе алмаса, 2027 жылы қазақстандық Шавкат Рахмоновпен (19-0) кездесуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Моралес Махачевті айқасқа шақырдыМоралес алдымен Махачевке үн қатып, ресейлік чемпионды UFC-дің жартылай орта салмақтағы титулы үшін жекпе-жекке шақырды. Эквадорлық файтер бразилиялық Карлос Пратесті (24-7) те атап өтіп, онымен титулға келесі міндетті үміткерді анықтауға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар егер бұл айтылған айқастар болмаса, эквадорлық файтер Рахмоновпен жекпе-жекке де ниетті. Ол қазақстандықты жартылай орта салмақ дивизиондағы "соңғы босс" деп атады.
Моралес Рахмоновпен кездесуге дайын"Ислам, сен менің дивизионыма келіп, белбеуді алғаннан бері сенімен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін сұрап жүрмін. Менің кім екенімді білесің. Ал Карлос Пратес екеумізге қатысты сен: "Екеуі өзара жұдырықтассын" дедің. Жақсы, мен мұны құрметтеймін. Бірақ содан кейін ешқандай сылтау болмауы керек. Сен және мен - белбеу үшін жекпе-жек.
Пратес, сен UFC ешқашан менімен жекпе-жек өткізуді ұсынбағанын айттың. Бірінші раундта мені нокаутқа түсіретініңді мәлімдедің. Керемет, бауырым, ендеше осыны жасайық. Сен белбеуді қалайсың, мен де белбеуді қалаймын - келесі үміткер кім болатынын анықтайық.
Бірақ егер сендердің басқа жоспарларың болса... Ислам, егер сен Пратесті таңдасаң, өйткені жеңілірек қарсыласты қалайсың, онда менің 2027 жылға жекпе-жегім бар - бұл дивизионның соңғы боссымен, Шавкат Рахмоновпен. Мені қайдан табатыныңды білесің. О, ұмытып барады екенмін: Иэн Гэрриге жол жоқ!" - деді Моралес әлеуметтік желідегі парақшасында.
16 тамызда өткен UFC 330 турнирінде Махачев жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін сәтті қорғап, ирландиялық Иэн Гэрриді (17-2) төрешілер шешімімен жеңді.
Моралес октагонға соңғы рет 2025 жылғы 16 қарашада шықты. Сол кезде эквадорлық файтер америкалық Шон Брэдиді бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы желтоқсанда өткізіп, Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын. Жекпе-жектен кейін қазақстандықтың тізесіне қатысты мәселе туындап, соның салдарынан ол ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды.
31 жастағы Рахмонов октагонға 2027 жылдың басында оралады деп жоспарлануда. Ұзақ үзілістен кейін қазақстандық файтер бірден дивизионның жетекші өкілдерінің бірімен жекпе-жек өткізуі мүмкін. Қазіргі уақытта Моралес UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде үшінші орында тұр.