UFC-дің ресми аккаунты әлеуметтік желіде пост жариялап, жартылай орта салмақта жаңа чемпион - аустралиялық Джек Делла Маддаленаны таныстырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
UFC "Матчмейкердің сейсенбісі" айдарында өзінің әлеуметтік желісіндегі оқырмандарынан Маддаленаға келесі қарсыласты таңдауды ұсынды."Шаһарда жаңа чемпион пайда болды! Октагонда Джек Делла Маддаленаға қарс кімді көргіңіз келеді?" — делінген аккаунт жазбасында.
Сауалнамада үш кандидат ұсынылды: Ислам Махачев, Шон Брэди және Иэн Мачадо Гэрри. Ал жартылай орта салмақ рейтингінде үшінші тұрған қазақстандық Шавкат Рахмонов шорт-листке енбепті де.
Естеріңізге салайық, Джек Делла Маддалена UFC 315 турнирінде Белал Мухаммадты жеңіп, одан жартылай орта салмақтағы титулды тартып алды. Бұған дейні жеңімпаз келесі кездесуде UFC 315 турнирінен денсаулығына байланысты қатыса алмаған Рахмоновпен титулды қорғауы тиіс болатыны айтылып жүрген еді. Дегенмен, енді промоушен басқа кандидаттарды қарастырып жатыр.