UFC басшысы Дана Уайт әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде жеңіл салмақтағы чемпион ресейлік Ислам Махачев белбеуін тастап, жартылай орта салмаққа өткенін хабарлады, деп жазады Vesti.kz.
Енді Махачев осы салмақтағы жаңа чемпион, аустралиялық Джек Делла Маддаленаға қарсы жекпе-жек өткізеді деп күтілуде. Жекпе-жектің өтетін күні мен орны әзірге жарияланған жоқ.
Махачевтің кәсіпқой рекордында 27 жеңіс пен 1 жеңіліс бар. Ал Делла Маддалена 18 жеңіске жетіп, 2 рет жеңілген.
Еске салайық, Монреальда өткен UFC 315 турнирінде Делла Маддалена америкалық Белал Мухаммадты төрешілер шешімімен жеңіп, жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленген болатын. Осылайша, аустралиялық спортшы титулдың алғашқы қорғауын Ислам Махачевке қарсы өткізеді.
Айта кетейік, бастапқыда Делла Маддалена мен Мухаммад арасындағы жекпе-жектің жеңімпазы қазақстандық Шавкат Рахмоновпен кездеседі деп жоспарланған еді. Рахмонов UFC 315 турнирінде Белал Мухаммадпен жұдырықтасуы тиіс болатын, алайда денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды.
Жарнама