Америкалық UFC промоушені 21 қарашада Катар астанасы Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінен кейін ұйымның барлық салмақ дәрежесіндегі үздік файтерлердің Meta-рейтингтерін жаңартты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алмабаев екі сатыға төмендеді
Қазақстандық жеңіл салмақтағы файтер Асу Алмабаев (24-4) соңғы турнирде жапониялық Кёдзи Хоригутиден (37-6-0-1) төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Бұл 32 жастағы спортшының UFC-дегі екінші, ал кәсіби мансабындағы төртінші жеңілісі болды.
Рейтинг жаңартылғаннан кейін қазақстандық файтер жеңіл салмақтағы Meta-рейтингте екі сатыға төмендеп, сегізінші орынға жайғасты. Ал оның қарсыласы алтыншы сатыға көтерілді.
Нұрғожай рейтингке енді қосылады
Еске салайық, Катарда өткен турнирде қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы Дияр Нұрғожай (13-2) да өнер көрсетіп, екінші раундта америкалық дебютант Алик Лоренцті (8-2) нокаутқа түсірді.
Бұл Нұрғожайдың аралас жекпе-жектен әлемдегі ең мықты лигадағы қатарынан екінші жеңісі болды. Оның UFC-дегі үш жеңілісі бар. "Кештің үздік өнері" үшін 100 мың доллар көлемінде бонус алғанына қарамастан, Дияр әзірге жартылай ауыр салмақтағы UFC үздік 15 файтерінің қатарына ене алмады.
Айта кетейік, америкалық промоушеннің рейтинг жүйесінде екі түрлі тізім бар. Жасанды интеллект негізінде жасалатын Meta-рейтингтен бөлек, журналистердің пікіріне сүйенетін медиа-рейтинг те қолданылады.
Жарнама