Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Бекзат Алмахан (12-2) UFC 315 турниріндегі тамаша нокауттан кейін алдағы жоспарын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл әлі басы ғана
11 мамыр Канаданың Монреаль қаласында өткен турнирдің алғашқы жекпе-жегінде Алмахан жергілікті спортшы Брэд Катонаны (14-5) жойқын соққы сериясымен небәрі 64 секундта нокаутқа түсірді.
Бекзат UFC-де мүмкіндігін бір ұшын ғана көрсете алғанын айтады.
"Сіздер әлі ештеңе көрген жоқсыздар. Бұл мен үшін тек бастама ғана. Мен әлі жаспын. Дамуға, шеберлігімді шыңдауға уақытым бар. Мұны бір Құдай біледі.
Осы дивизионның үрейіне айналамын. Менен бәрі сескенетін болады. Мен бұл салмақты міндетті түрде жарып шығамын", — деп береді Бекзаттың сөзін Cagesidepress.
Айта кетейік, бұл қазақстандық файтердің UFC ұйымындағы екінші жекпе-жегі. Оның дебюті өткен жылдың наурыз айында болған. Ол кезде Бекзат ұсыныс аяқ-асты болғанына қарамастан ресейлік Умар Нурмагомедовпен (18-1) октагонға шыққан еді. Ол айқаста Бекзат қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірген еді, дегенмен, бұл кездесуде Нурмагомедовпен жеңіске жетті.
Жарнама