Единоборства
13 мамыр 2025 07:43

UFC-дің жаңа чемпионы Шавкат Рахмоновпен айқас жайлы мәлімдеме жасады

©Zuffa LLC

Жартылай орта салмақтағы UFC-дің жаңа чемпионы, аустралиялық файтер Джек Делла Маддалена (18-2) келесі қарсыласы кім болатыны туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.

UFC-дің жаңа чемпионы

Демалыс күні өткен UFC 315 турнирінде 28 жастағы Маддалена америкалық Белал Мухаммадпен (24-4) титулдық жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Бастапқыда бұл жекпе-жекке қазақстандық Шавкат "Номад" Рахмонов (19-0) шығуы тиіс еді. Алайда қазақстандықтың жарақатына байланысты бұл мүмкіндік аустралиялыққа бұйырды.

Делла Маддалена "Номадты" басты үміткер деп мойындайды және оның титулдық жекпе-жегі тағы кейінге қалса, бұл жағдай Шавкат үшін кері әсерін беретінін айтты. Айта кетейік, жеңіл салмақтағы чемпион Ислам Махачев (27-1) бір категория көтеріліп, екі дивизионда чемпион атанғысы келіп отыр.

Маддалена Рахмоновпен жекпе-жекке дайын ба?

"Шавкат үшін бұл жағымсыз болатынына сенімдімін, бірақ, екі салмақта чемпион болудың мәні де осында. Мұндай шешімдер дивизионның қарқынын бәсеңдетеді. Сондықтан мұндай қайталана беруі дұрыс емес. Бірақ нақты Ислам туралы айтар болсақ, оның жағдайында бұл орынды.

Қазір жағдай күрделі. Шавкат — бірінші нөмірлі үміткер екені анық. Ол дайын деп үміттенемін. Бірақ ол ұзақ уақыт бойы белсенді болмаса, жаңа қарсыластар пайда бола береді. Шавкат болмаса, енді Иэн Гэрри бар.

Оларға бір-бірімен жекпе-жек өткізу керек. Дивизион қозғалыста болуы тиіс. Осы жекпе-жектен кейін біреуі дайын болады деп сенемін. Мүмкін, сегіз аптадан кейін жартылай орта салмақтағы келесі титулдық жекпе-жекті көреміз", — деді Маддалена Bjpenn басылымына берген сұхбатында.

Яғни, аустралиялық чемпион Рахмоновпен жекпе-жекке шығуға дайын екенін білдіріп отыр. Дегенмен ол UFC басшылығының өз жоспарлары болуы мүмкін екенін де жақсы түсінеді. Сондықтан, үміткерлер, оның ішінде қазақстандық Шавкат та, дивизион қарқынын тоқтатпау үшін бір-бірімен жұдырықтасуы керек деген ойда.

Шавкат өзіне бәсекелес жасап алды ма?

Айта кетейік, "Номад" алғаш рет титул үшін желтоқсан айында жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда сол кезде Белал Мухаммад аяқ инфекциясына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Рахмонов болса, жекпе-жекке шығу туралы шешім қабылдап, мүмкіндікті ирландиялық Иэн Гэрриге (16-1) берді. Ол жекпе-жекте Шавкатқа төрешілер шешімімен жеңілді.


Жеңіліске қарамастан, Гэрри өзінің өнерімен жанкүйерлер мен сарапшыларды таңғалдырды. Кейін жеңісті жолға қайта оралып, қазір титулға үміткерлердің бірі саналып отыр.

Ал Рахмонов сол жекпе-жектен кейін жарақат алып, әлі күнге дейін қалпына келу үстінде.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport