Қазақстандық файтер Әліби Ыдырыс UFC ұйымының антидопингтік саясатын бұзғаны үшін 12 айға дисквалификацияланды, деп хабарлайды Vesti.kz.
UFC-дің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Әлібидің тесті 2026 жылғы 21 ақпанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен UFC Fight Night турнирінен кейін тыйым салынған диуретик - гидрохлоротиазидке оң нәтиже көрсеткен. Аталған жекпе-жекте ол ямайкалық Оде Осборнды төрешілер шешімімен жеңген еді.
Спортшы салмақ өлшеу алдында қажетті салмаққа түсу үшін бұл препаратты қабылдағанын мойындады.
CSAD (жекпе-жек спорт түрлері бойынша антидопинг агенттігі) ұйымымен толық ынтымақтастықта болғанына қарамастан, тәртіп бұзушылықтың ауырлығы мен алынған артықшылыққа байланысты дисквалификация мерзімі қысқартылған жоқ. Жаза 2026 жылғы 21 ақпаннан бастап күшіне еніп, 2027 жылғы 21 ақпанға дейін жалғасады.
Сонымен қатар, жекпе-жекті бақылаған Техас штатының лицензиялау және реттеу департаменті (TDLR) бұл істі қайта қарап, кездесудің ресми нәтижесін өзгертуі мүмкін.
Айта кетейік, Оде Осборнға қарсы жекпе-жек Ыдырыс үшін UFC-дегі екінші кездесу және ұйыммен ұзақ мерзімді келісімшарттан кейінгі алғашқы айқас болды. Бұған дейін, өткен жылдың тамыз айында ол The Ultimate Fighter шоуының финалдық жекпе-жегінде америкалық Джозеф Моралеске екінші раундта сабмишенмен есе жіберіп, карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған еді.
Жарнама