UFC-де өнер көрсететін ирландиялық Иэн Гэрри (16-1) жартылай орта салмақтағы барлық спортшыларға үндеу жасап, дивизионға жаңадан келген ресейлік Ислам Махачевке (27-1) чемпиондық жекпе-жекке жол беріп, құрмет көрсетуге шақырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Титулды айқасқа бірінші үміткер болып ұзақ уақыт Шавкат Рахмонов (19-0) болып келді. Ол алғаш рет 2024 жылдың желтоқсанында сол кездегі чемпион Белал Мухаммадпен (24-4) жұдырықтасуы керек болған. Алайда қарсыласы жарақат алып, оның орнына жекпе-жекке Гэрри шықты да, ол қазақстандыққа төрешілер шешіммен есе жіберді.
Мухаммадпен кездесу 2025 жылдың мамырына шегерілді, бірақ, бұл жолы жарақат алған Рахмоновтың өзі болды. Шавкаттың орнына аустралиялық Джек Делла Маддалена (18-2) шығып, жартылай орта салмақта жаңа чемпион атанды.
Лига басшысы Дана Уайт алғашында чемпион атағын Шавкатқа қарсы қорғайды деп уәде еткен, алайда, кейін Махачев жеңіл салмақтан көтеріліп, Маддаленамен айқас Исламға берілді.
Алайда Гэрри Махачевтің тағайындалуын әділетті деп есептейді және барлық жартылай орта салмақтағы спортшылар, соның ішінде Рахмонов та, Исламға жол беруі тиіс дейді.
"Барлық жартылай орта салмақтағылар шегініп, Исламға лайықты құрмет көрсетуі тиіс", — деп келтіреді Marca ирландиялықтың сөзін.
Иэн сондай-ақ Махачев пен Маддалена арасындағы жекпе-жек ұйымдастырылмаған жағдайда, титул үшін айқасуға дайын екенін айтты.
Айта кетейік, аустралиялықтың белбеуді бірінші рет қорғайтын жекпе-жектің өтетіні әлі ресми түрде жарияланған жоқ.
Жарнама