UFC чемпионын жаттықтыратын қазақ бапкері Америкаға виза ала алмай қалды

16 наурыз 2022 15:01
©UFC

Жеңіл салмақта UFC ұйымының уақытша чемпионы Петр Ян (16-2) америкалық Алджамейн Стерлингке (20-3) қарсы кездесуге бапкерсіз баратын болды. Бұл туралы 29 жастағы файтер "Чемпионат" порталына айтып берді. 

10 сәуір Джексонвиллде (Флорида штаты, АҚШ) UFC 273 турнирі өтеді. Бұл кештің басты айқастарының бірінде Петр Ян жеңіл салмақтың чемпионы Стерлингке қарсы шығады. Еске салайық, бұл файтерлер өткен жылдың наурызында кездесіп, Ян рұқсат етілмеген соққы жасағаны үшін жекпе-жектен шеттетілді. 

"Жаттығу жұмыстары жалғасуда. Мен Тайланда тағы он шақты күн боламын. Сосын Америкаға ұшамын. Бұл кездесуге мені дайындаған Қайрат пен  Андрей виза ала алмай қалды. Сондықтан бұл кездесуде маған кімнің көмектесетінін білмеймін", - деді Ян. 

Сонымен қатар, Петр ыңғайсыз жағдайға тап болғанын да айтты. Себебі жекпе-жек кезінде бапкердің жанында болғаны маңызды екенін атап өтті. Дегенмен ол Стерлингпен кездесу үшін АҚШ-қа бір өзі баруға дайын екенін де мәлімдеді. 

Осылайша, Ян АҚШ-қа енді Андрей Октябринский және Қайрат Нұрмағанбетовсіз барады. 27 жастағы Нұрмағанбетов Янның соққыларын дайындайтын маман. Ол Омск қаласының тумасы. Этникалық қазақ. 

Қайраттың спорттағы жетістігі өте көп. Ол кикбоксингтен Ресейдің еңбегі сіңген спорт шебері. Ресейдің төрт дүркін, әлемнің  және Еуропаның екі дүркін чемпионы. Оның әкесі Әмірхан Нұрмағанбетов кикбоксингтен жоғары дәрежелі бапкер. 

Ал Янның менеджері қазақстандық Саят Әбдірахманов. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport