UFC чемпионы карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді

19 қыркүйек 2022 15:24
©globo.com

UFC ұйымының жартылай жеңіл салмақтағы (65 келіге дейін) бұрынғы чемпионы бразилиялық Жозе Альдо (31-8) мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Combate.

Сайттың ақпараты бойынша, 36 жастағы файтер промоушенмен келісімшартта көрсетілген соңғы кездесуді өткізбей-ақ мансабын аяқтау туралы келісімге келген. 

Қоса кетейік, Альдо UFC-дегі дебютін 2011 жылы UFC 129 турнирінде жасады. Ол өз титулын жеті рет сәтті қорғаған спортшы.

2015 жылы ол ирландиялық  Конор МакГрегорден ұтылды, бірақ одан кейін қайта чемпион болды. Америкалық Макс Холлоуэй мен аустралиялық Алекс Волкановскиден ұтылғаннан кейін Альдо аса жеңіл салмаққа көшіп, мансабының соңғы кездесулерін осы салмақта өткізді. 

Спортшы UFC-де 20 кездесу өткізді. Соңғы жекпе-жегі тамызда UFC 278 турнирі аясында өтті. Бұл кездесуде (61 келіге дейін) Альдо грузиялық Мераб Двалишвилиге төрешілер шешімімен есе жіберді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport