15 мамыр күні Жамбыл облысының орталығы - Тараз қаласындағы "Тараз-Арена" базасында, Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде аты аңызға айналған "Қара майор" - Борис Керімбаевты еске алуға арналған халықаралық жекпе-жек фестивалі аясындағы ірі турнир өтеді. Ауқымды спорттық шара түрлі жекпе-жек бағыттарының өкілдерін біріктіріп, халықаралық спорттық байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналмақ.
Фестиваль бағдарламасына каратэ-до, кикбоксинг, ММА, қоян-қолтық ұрыс, таеквондо, грэпплинг және GAMMA MMA бойынша жарыстар енгізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирге тәжірибелі спортшылармен қатар, болашағынан зор үміт күттіретін жас жауынгерлер де қатысып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін, қайсар мінезі мен жауынгерлік дәстүрлерге деген құрметін көрсетеді.
Халықаралық деңгейдегі жарысқа Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Әзербайжан, Грузия және Оңтүстік Корея елдерінен спортшылар келеді деп күтілуде. Бұл фестивальдің халықаралық беделін арттырып, оны жекпе-жек әлеміндегі ең ірі додалардың біріне айналдырады.

Алдағы турнир туралы Жамбыл облыстық Жекпе-жек өнері қауымдастығының президенті Курмет Нукенов пікір білдірді.
"Бұл фестиваль — жай ғана спорттық шара емес. Бұл - елін сүйген батыр, аңыз тұлға Борис Тұкенұлы Керімбаевқа көрсетілген құрмет. Біз спорт арқылы жастарды батылдыққа, тәртіпке және Отанды сүюге тәрбиелеуді мақсат етеміз. Турнирдің халықаралық қызығушылық тудырып, түрлі елдердің спортшыларын біріктіріп отырғаны қуантады. Мұндай жарыстар халықтар арасындағы достықты нығайтып, жас спортшыларға халықаралық аренада мол тәжірибе жинауға мүмкіндік береді, - деді Курмет Үмітханұлы.
Жамбыл өңірі ежелден жекпе-жек өнеріндегі бай дәстүрімен және мықты спортшылар тәрбиелеуімен танымал. Аймақта жауынгерлік өнерді дамытуға, жастар спортын қолдауға және жоғары деңгейлі спортшылар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы фестивальді ұйымдастыруға Жамбыл облысының әкімдігі мен өңірдің күштік құрылымдары да үлкен қолдау көрсетіп, патриоттық тәрбие, салауатты өмір салты және спорт мәдениетін дамыту бағытындағы бастамаларға белсенді атсалысуда.
Ұйымдастырушылардың сенімінше, Тараздағы фестиваль нағыз спорт мерекесіне айналып, көптеген көрерменнің басын қосып, Қазақстандағы жекпе-жек өнерінің дамуына елеулі үлес қоспақ. Сонымен қатар, жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, елге еңбегі сіңген тұлғалардың рухын ұлықтауға бағытталған маңызды шара болмақ.
Жарнама